Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.
«Жиын барысында Президенттің Ұлттық кеңес аясында бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ ҰҚСК мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелері жөніндегі ұсыныстары талқыланады деп жоспарлануда. Отырыс Кеңестің өңірлердегі мүшелерінің қатысуымен онлайн форматта өтеді», деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, Президенттің баспасөз қызметі 15:00-де Facebook желісіндегі AkordaPress парақшасы арқылы ҰҚСК жиынынан тікелей көрсетілім ұйымдастырады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтетінін мәлімдеген еді.