16.11.2021, 10:02
Оқылды: 70

Балық өсіргіңіз келе ме?

Соңғы жылдары балық шаруашылығына да қызығушылық артып келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы бекітілгені көпке мәлім. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты балық өнімдерімен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету және балық өсіруге (аква өсіруді) тиісінше жағдай жасау. Сонымен бірге онда балықты қайта өңдеу көлемін арттырып, балық азығының отандық өндірісін дамыту, аталмыш саланы ғылыми тұрғыда және кадрлық қамтамасыз ету жайы  да  қарастырылған. 

3

Балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің көкейінде істі неден бастау керектігі туралы сұрақ туындауы заңдылық. Олар алғашқы кезекте «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын немесе учаскелерiн бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткiзу қағидаларын және конкурс­қа қатысушыларға қойылатын бiлiктi­лiк талаптарын бекiту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 19 наурыздағы №18-04/245 бұйрығымен танысулары керек. Нақтырақ айтсақ, сонда бекітілген тәртіппен тіркеліп, веб-портал арқылы өтініш берген жеке және заңды тұлғалар бұл іске қатыса алады. Жеңімпаз болып танылған тұлғалардың бекітіліп берілген су айдындары мен арнайы учаскелерде балық шаруашылығымен айналысуға толық құқы бар.

4

 Айта кетелік, конкурс пен оның шарттары ғаламтордағы www.gosreestr.kz мекен­жайда орналасқан. Жеңімпазды айқындаудағы басты өлшем – ұсынылатын баға мөлшері. Осы жылдың 23 қарашасы күні балық шаруашылығы су айдындарын жә­не учаскелерiн бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткізілмек. Оған төмендегі су айдындары ұсынылмақ:

Рубежка өзеніндегі су қоймасы – Бәйтерек ауданы;

Брусяный көлі – Бәйтерек ауданы;

Жыланды көлі – Шыңғырлау ауданы;

Тихоновский тоғаны –  Бөрлі ауданы;

Шаңды көлі – Шыңғырлау ауданы;

Малая Быковка өзеніндегі  су қоймасы – Бәйтерек ауданы;

Котельников  ауылындағы №2 тоған – Бәйтерек ауданы.

Қосымша ақпарат алғысы келгендер болса, Орал қаласы, С. Разин көшесі, 14 мекенжайында орналасқан БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасына (26-48-20) хабарласуға болады.

Жалпы, балықты аулап қана қоймай, оны тұрақты кәсіпке айналдырып, өсімін молайту бағытында да жанды жұмыстар жүргіземін деушілерге бұл – үлкен мүмкіндік. Қысқасы, балық та бір байлық. Өз бағыңызды сынап көріңіз, ағайын!

Гүлсара Ермұханова,

облыстық балық инспекциясы асқармасының бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале