16.11.2021, 11:32
Оқылды: 33

Ерте үйлену – еркелік пе, ерлік пе?

Қазіргі таңда шаңырақ көтерген студенттер жетерлік. Олар отбасылық өмірдің қиындықтарымен күресіп, уақытының бір бөлігін білімге, бір бөлігін жұмысқа арнайды. Солардың бірі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетіндегі 4-курс студенті Дәуренбек Жұмабеков 2019 жылы тамыз айының оныншы жұлдызында отау құрған. Құрдастары отбасылық өмір жайлы сұрап, ерте үйленген досына қызыға қарайды екен.

AAC863E9-270C-42D1-9A60-E8EBD90ECAD0

Бүгінде ол отбасындағы қаржы мәселесін шешу үшін «Quest» ойын орталығында уақытша жұмыс жасап жүр. Айлығы пәтерақысы мен күнделікті керек-жарағына жетеді.

– Университеттегі дәрістерден қалмауға тырысамын. Әрине, кейде уақыт тапшылығына байланысты үлгермей қалатын сәттер де болады. Ондай кезде келіншегім екеуміз бір-бірімізге көмектесеміз. Меніңше, адам өмірде белгілі бір маман иесі болуға міндетті. Сәбиімнің дұрыс тамақтанып, жан-жақты жетілуіне жағдай жасап отырмын. Осындай жауапкершілікке ие болғанымды бақыт деп білемін. Жалпы, үйленуге бекінген әр адам түрлі сынға іштей дайын болуы керек. Өйткені ол - өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі, – дейді Дәуренбек Жұмабеков.

Отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы туралы тағы бір жас отбасының өкілі әңгімелеп берді. Айымгүл Ғабдырашева биылғы тамыз айының 16-сы күні тұрмыс құрған. Ол – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті. Жұбайы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінде оқиды. Екеуі де 19 жаста. Олар әзірге жұмыс жасап жүрген жоқ. Болашақта шағын кәсіп ашып, тұрғын үй алуға ниеттеніп отыр. Қазір Орал қаласының Зашаған кентінде пәтер жалдап тұрады. Пәтерақысын төлеуге ата-анасы көмектеседі екен. Ал шәкіртақыға күнделікті тұрмысқа керекті заттар мен азық-түлік алатын көрінеді.

– Біздің арамыздағы түсіністік еркін білім алуымызға жол ашады. Сабаққа бірге дайындалып, үй шаруасын да бірге атқарамыз. Тіпті тамақты да бірге әзірлейміз. Отбасылық өмір адамды ерте есейтеді. Көп нәрсеге ерте мән беруге тура келеді. Қалтамыздағы қаражатты барынша үнемдеуге тырысамыз. Алғашында өзімнің отбасылық өмірге дайын емес екенімді сезіндім. Уақыт өте келе, өткінші қиындықтарды артта қалдырдық. Ерлі-зайыптылардың арасында сенім мен құрмет, татулық болуы керек екенін түсіндім, – дейді Айымгүл.

Аманжол Исламғали,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенті,

«Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале