16.11.2021, 15:30
Оқылды: 40

Көлігің болған жақсы-ау, алайда…

Қаржыны құрап, біреуден сұрап…

«Қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген сөз бар. Қалтадағы аз-маз қаржыны құрап, яки біреуден сұрап, көрші Ресейден көлік алып жүр талай адам баласы. «Өзімізге емес, өзгеге неге шауып жүр» дейсіз бе? Мұны жүргізушілерден сұрастырдық:

«Ол жақта арзан дейді ғой,

Керемет, тіпті дап-дайын.

Бəрін де түгел қарайсың,

Сұрап алып жағдайың?», — дейді олар бірауыздан. Сондай-ақ қазақстандық тіркеудегі көліктердің бағасы «ұшып» тұрғандығын тілге тиек етті. Көлігің болған жақсы-ау, алайда еш кедергісі болмаса, одан да ғажап! Әмбеге аян, елімізде таяуда жол полициялары ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді жаппай тексерді. Бұл тексеріс біздің өңірде де болды.

IMG-20211116-WA0065

Бұған не себеп?

« Ресейлік тіркеудегі 210 мыңға жуық көлік ҚР территориясында жүр. 150 мыңы – заңды негізде, тиісті сенімхаты бар. 600 көлік – Ресей ІІМ криминалды полициясы жіберген тізім бойынша ұрланған көліктер қатарында. 200 көліктің қайда екенін анықтадық. Сонымен қатар 80 мыңға жуығы не Ресейде, не бізде тіркелмеген. Ол көліктер Қазақстанда техбайқаудан өтпеген. Техникалық жағдайының қандай күйде екенін де ешкім білмейді. Сондықтан профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Егер көлік қажетті тіркеу процедурасынан өтсе, ешқандай мәселе болмайды. Бәрінің қолында көлікті Ресейден сатып алғанын растайтын құжат бар. Тек ХҚКО-ға барып, өз атына рәсімдеу керек. Бірақ көбі өз атына қойғысы келмейді», — деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

10 күн ішінде тіркеуге тиіс

«Жол жүрісі туралы» Заңның 66-бабына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сатып алынған көліктер 10 күн ішінде уәкілетті органда тіркеуге қойылуы шарт. Осы талап орындалмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 2-тармағы («Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiкті басқару») бойынша иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал көлік айыппұл тұрағына қойылады. Көлікті айыппұл тұрағынан шығару үшін, ең алдымен әкімшілік хаттамада көрсетілген айыппұлды төлеу керек. Одан кейін көлікті заңдастырып, мемлекеттік тіркеуге қою қажет. Осы құжаттар негізінде көлікті айыппұл тұрағынан шығаруға болады.

IMG-20211116-WA0067

1 млн.-нан астам ақша қажет

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда көрші елдің көлігін тұрақты тіркеуге қою үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Бірақ алдымен бірнеше төлем жасап, қауіпсіздік куәлігін алу керек. Олар - утилизациялық алым, алғашқы тіркеудің ақысы, көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік, апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін алу.

Ал утилизациялық алым мен алғашқы тіркеудің ақысы қандай? Утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. 2021 жылда бір айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге болып белгіленді. Утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның нақты формуласы да бар. Атап айтқанда, қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3 –ге дейін болса, 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 437 550 теңге; Сол сияқты қозғалтқыштың көлемі 2 000 см3 –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 7 (коэффициент) = 1 020 950 теңге; Ал қозғалтқыштың көлемі 3 000 см3 –ге дейін - 50 АЕК (145 850) х 10 (коэффициент) = 1 458 500 теңге.

Көлікті мемлекеттік тіркеуге алғаш рет қойғаны үшін арнайы төлем де айлық есептік көрсеткішпен есептеледі және көліктің шығарылған жылына қарай төленеді. Мәселен, 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 729 теңге, 2-3 жыл – 50 АЕК – 145 850 теңге, 3 жылдан жоғары – 500 АЕК – 1 458 500 теңге.

— Сонымен қатар  көлік Қазақстанның техникалық регламентіне сай болуы шарт. Ол үшін көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу қажет. Оны облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан сертификат орталықтарында рәсімдейді. Соған барып, өтініш жазып, құжат тапсыру керек.

Орталық мамандары барлық құжат негізінде автомобильдің сәйкестендіру нөмірін тексереді. Одан кейін көлікті қарап шығады. Темір тұлпар «Евро-4», «Евро-5» немесе «Евро-6» талаптарына сай болуы тиіс. Егер көлік қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, мемлекеттік тіркеуге қойылмайды, — дейді сала мамандары.

IMG-20211116-WA0064

Call-орталық ашылды

Бүгінгі таңда ҚР Ішкі істер министрлігі еліміздің барлық өңірлерінде шетелде тіркелген автомобильдерді пайдалану мәселелері бойынша call-орталықтар ашты. Анығын айтсақ, Ресей Федерациясынан әкелінген көлік құралдарын пайдалану және тіркеу туралы мәселенің маңыздылығына, сондай-ақ ІІМ есептік деректерінен өз көліктерінің Ресей Федерациясында тіркелгенін тексеруге байланысты азаматтарға ыңғайлы болу үшін байланыс телефондары құрылды. Мәселен, БҚО бойынша 8-711-2-92-17-17;  92-17-65 және 8-708-435-04-84 телефон нөмірлеріне қоңырау шалуға болады. Көрсетілген  телефондар арқылы жүргізушілер полицияға өздеріне маңызды ақпарат алу үшін жүгіне алады. Call-орталық телефондары сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін қоңырау қабылдайды.

Ресейлік нөмірмен жүргендерді себепсіз тоқтатпайды

 Айта кетейік, енді 9 қарашадан бастап ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді себепсіз тоқтатпайды. Бұдан былай ресейлік нөмірі бар көліктер жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатылатын болды.  Ал полиция қызметкерлері себепсіз тоқтатып жатса, 102 қызметіне хабарласуға мүмкіндігіңіз мол.

Ендеше, жолыңыз болсын, жолаушы!

Тақырыпқа тұздық

Серік Нысанбаев, Барбастау ауылының тұрғыны:

—  Ресей көліктерін өзіміз секілді қарапайым адамдар ғана алады.  Ол жақта көлік құны арзан,  әрі түр-әлпеті  жақсы көліктерді де табуға болады. Сол себепті Ресейден былтыр сатып алған едім.  Жуырда көліктерімізді тексереді дегенде шыны керек,  әбден уайымдадық. Өйткені көлік Қазақстанда тіркелген жоқ еді. Тіркеу үшін де қомақты қаржы,  яғни 2 млн.- ға жуық ақша керек. Өзім Барбастау-Орал бағытында таксист қызметіндемін. Қос несие бар. Сөйтіп жүргенде машинамды тіркеуге ақша да жиналмайды. Нәпақамды осы көлікпен тауып отырғандықтан,  біз сияқтыларға қиыны- қиын,  әрине.  «Енді не істейміз?» деп отырғанда,  «ресейлік нөмірі бар көліктерді енді себепсіз тексермейді» деген ақпарат жарияланғанда балаша қуандық. Алайда тексеріс бәрібір оқтын-оқтын шыға беретін секілді,  себебі былтырда осы әңгіме болып еді.

Марат Сағынғалиев, Подстепный ауылының тұрғыны:

— Ресейден көлік алатындарды түсінбеймін.  Соны өзіміздің елімізден де  де қарастыруға болады емес пе? Бостан босқа екі жұмыс қылып не керек?  Ал Ресейден арзан көлік алдыңыз делік, оны еш жерге тіркеуге қоймасаңыз,  бұл мәселе тек бүгін емес,  қашанда алдыңнан шығады да тұратыны белгілі. Оданша қазақстандық нөмір жақсы,  еш алаңсыз жүресіз. Ресейлік нөмірлі көліктерді тексергені де жөн.  Көптеген түрлі оқиғалар  — осындай көлік иелерінен шығады да,  сосын жүргені еш жерде тіркеуде жоқ көлікті таба алмай.  Әр нәрсенің заңды болғаны жақсы.

Материалды әзірлеген Айшабибі Мәмет

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале