Осыдан 10 жыл бұрын қарашада болған қанды оқиға Жамбыл облысының жұртшылығын ғана емес, бүкіл қазақ елін дүр сілкіндірген-ді. Сол кезде Тараз көшелерінде оқ атқан қандықол қарақшыны құрықтауда полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапқаны да көптің есінде. ҚР Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5517-әскери бөлімінің жеке құрамы жуырда облыстық полиция департаментімен бірлесіп, бейбіт күннің батырын еске алып, арнайы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиында аталмыш бөлім командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі ел жадынан өшпейтіндігін алға тартып, ердің ерлігін ұлықтау кейінгі толқынның парызы екенін әсерлі әңгімеледі. Әрі осы күні бөлім клубында жауынгерлерге ашық сабақ өткізіліп, соңында Ғ.Байтасовтың өмірінен деректі фильм көрсетілді.
Айта кетелік, Ғазиз Әбдібекұлы 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл облысының Түймекент ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді заңгер. Еліміздің құқық қорғау құрылымында 20 жылға жуық қалтқысыз қызмет атқарған азамат. Бүгінде Тараз қаласының бір көшесіне Ғ.Байтасовтың есімі берілсе, оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Қаһарман ұлға арналған еңселі ескерткіш те қаланың көрнекі жерінен орын тепкен.
Әубәкір Ертуған,
капитан,
Орал қаласы