Елімізде соңғы уақытта қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі – жаңа штаммдардың белең алуына байланысты арнайы вакцина салу. Әлемді әбігерге салған дерт енді балаларды да айналып өтпей, ата-аналарды әуре-сарсаңға салуда. Осы бағытта елімізге американдық «Pfizer» вакцинасы жеткізіліп жатыр. Аталмыш вакцина 12-17 жас аралығындағы балаларға салынады. Есеп бойынша елімізде осы жас аралығында 2 миллион шамасында балғын бар.
«Pfizer» вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және емізулі баласы бар аналарды вакцинациялау үшін ұсынады. Қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдер арасындағы вакцинация әлемнің 20-дан аса елінде 12 жастан, кейбір елдерде 3 жас, (Қытай) және 5 жастан бастап (АҚШ) жүргізілуде. Америкада «Pfizer» вакцинасымен шамамен 8 миллион адам егілді, оның ішінде 5 жастан асқан балаларды да вакцинациялау басталды. Қытайда 2021 жылдың қазан айында 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцинамен егу бойынша шұғыл шара қабылданды. Қазіргі кезде 60 миллионнан астам балалар мен жасөспірім вакцина алды.
Әрине, ата-ана вакцина десе шошитын жағдайға жетті. Қазірдің өзінде «баламызға ешқандай екпе салдырмаймыз» деп безек қаққан әке мен ананың хәлін де түсінуге болады. Алайда, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастыру қажет. Осы тұрғыда медицина саласы мамандарының түсінік жұмыстарын дұрыс жүргізуі, ақ халаттыларға мұғалімдер де қолдау көрсетуі секілді жайттар аса маңызды.
Теректі ауданында да «Pfizer» вакцинасы туралы ақпараттарды насихаттау, ата-аналар мен дәрігерлер арасындағы байланысты қалыптастыру бағытында жұмыстар қолға алынды. Аудан айнасы аталмыш мәселе төңірегінде эпидемиолог дәрігер Айнұр Отарбаевамен тілдесті.
- Балалар үшін жұқпалы аурулардан қорғаудың ең тиімді және кейде жалғыз жолы-вакцинация. Ол балалар мен жасөспірімдерді көптеген аурулардан, ауыр асқынулардан және тіпті өлімнен құтқарады.Теректі аудандық ауруханасы білім беру басқармаларының мамандары, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары және мектеп директорлары мен мұғалімдеріне арнап семинар өткізді. Семинар барысында аудан бойынша 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал, 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакцинациялауды «Комирнати» (Pfeizer, АҚШ) мРНҚ-вакцинасымен жүргізудің маңыздылығы, сондай-ақ вакцинациялауды жүргізу алгоритмі, препараттың құрамы мен сақталу ерекшеліктері туралы айтылды. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылып, вакцинация жасөспірімдерге тек ата-анасының ақпараттандырылған келісімі негізінде ғана жүргізілетіні сөз болды. Қазіргі уақытта аймақта ата-аналары коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға келісім берген жасөспірімдердің тізімі жасалынды. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 қаулысына сәйкес білім беру ұйымдарында егу пункттері дайындалды. Сондай-ақ, егу бригадалары құрылды, - дейді Айнұр Әлібекқызы.
Дәрігердің айтуынша, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға 12-17 жас аралығындағы балалардан бөлек жүкті әйелдер(жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін) және лактация кезеңіндегі әйелдер(босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін яғни 42 күннен кейін) жатады.
- 12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен вакцинацияланады. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жүргізіледі, жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілінің қалауы бойынша медициналық ұйымның егу пункттерінде де вакцина ала алады,- дейді эпидемиолог маман.
Әрине, мамандардың сауатты пікірлері газет бетерінде, қала берді әлеуметтік желілерде жиі көрініс табуы тиіс. Бастысы, ата-аналармен жұмыс, психологтардың балалармен жұмысына да көңіл бөлген абзал. Себебі, қоғам үшін адам өмірі ең ұлы байлық. Қазір аталмыш мәселе төңірегінде үміт те, күдік те бар. Аты жаман дерттен құтылудың басты жолы вакцина алу екендігін халық біледі. Вакцина қалыпты өмірге қайта оралуға үміт көзі, тек бойдағы титімдей күдіктен арылу қажет. Ол үшін жауапты мамандар жүйелі жұмысты қолға алса керек-ті...
Әділет Орынбасарұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz