24.11.2021, 9:00
Оқылды: 110

Ғибратты ғұмыр баяны 

Осыдан 110 жыл бұрын, 1911 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Орынбор қаласында  «Маса» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Осы жинаққа енген «Қазақ салты» өлеңімен ел-жұртқа, қазақ қауымына ұлы ағартушы былайшы үн қатыпты:

...Алаштың адамының бәрі

мәлім,

«Кім қалды таразыға

тартылмаған?

Дегендер: Мен жақсымын,

толып жатыр,

Жақсылық өз басынан

артылмаған.

...Қайырсыз неше сараң

байлар да бар,

Қайықтай толқындағы

қалтылдаған.

...Бәрінен тыныш ұйықтап

жатқандар көп,

Ұмтылып, талап ойлап

талпынбаған.

Солардың қатарында

біз де жүрміз,

Мәз болып құр түймеге

жарқылдаған.

Не пайда өнерің мен

біліміңнен,

Тиісті жерлеріне сарп

ұрмаған?!

Ақаң осы өлеңі арқылы өз дәуіріндегі ұлтқа қызмет ету ойына келмейтін бай-бағланды да, оқыған қара таяқтыны да, шенді мен шекпендіні де сынайды.

435A6E59-1B90-4A7B-8A29-227B7AA98BCB

Бүгінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тұрмыз. Дегенмен ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ақаң өлеңіндегі кейіпкерлер әлі ортамызда толып жүр. Қоғам өзгерсе де, адам өзгеруі қиын сияқты. Осы 30 жылда ұлтқа қызмет еткен кімің бар деп сауал қойып, жауап іздеп көрейікші. Құдайға шүкір, арқаның төсіне Астана салып, шекарамыз шегенделіп, тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, іргелі ел болдық. Осы ұлы көш керуенде, Тәуелсіз Қазақстан тұсында зияткер ұлт тәрбиелеуде ел үшін аянбай, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай қызмет еткен  бірден-бір қауым, алқара топ – Ұстаздар.  Сондықтан әңгімеміздің тақырыбы ұстаздардың ұстазы туралы болмақ.

Жақында «Өнегелі өмір» кітаптар сериясы жаңа еңбекпен толықты. «Akadem kitap» баспасынан  «Тұяқбай Рысбеков» деп аталатын жаңа кітап жарық көрді. Еліміздің ғылыми қауымы мен Батыс Қазақстан жұртшылығы үшін бұл кітаптың маңызы зор. Өйткені бұл кітап отандық ғылым саласының дамуына сүбелі үлес қосқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Тұяқбай Зейітұлы Рысбековтің өмірі мен ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметіне арналған. Сонымен қатар ҚазҰУ-дан  қанаттанғанына  50 жыл  толуына орай академик Т. Рысбеков жылдар бойғы ғылыми жемісті еңбегі үшін Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық  университетінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

6C599B2B-858B-4F71-BB08-6E9B651411D2

Кітапта Тұяқбай Зейітұлының қысқаша өмірбаяны бе-ріліп, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Кәрібаевтың «Біртуар азамат» атты мақаласымен басталған. Берекет Кәрібаев Тұяқбай Зейітұлының өмір жолын саралай келе, «Ол салмақты, турашыл, талапшыл, биік парасат иесі болуымен қатар өзінен кейінгі буынға ғибрат боларлықтай білім және ғылым саласына қосылған өлшеусіз еңбегімен дараланды. Қаншама шәкірт тәр-
биеледі. Қай уақытта да мансаптан, қошеметтен асып-таспады. Алды-артын тереңінен ойлап, ары мен намысына жүгініп отырды. Сондықтан ұлтының алдында, халқының алдында оның жүзі жарық» деп әділ бағасын берген.  Кітапта кейіпкердің өмір жолдары ататек, балалық шақ, жалынды жастық шақта, студенттік шақ, еңбек пен қызмет жолы, ғылыми ізденістері, қоғамдық саяси өмірге араласуы, отбасы  жөніндегі  тараушаларға бөлініп, кеңінен  талданған. Тұяқбай Зейітлұының өмір жолын сараласақ,  1947 жылы Жамбыл облысы Талас ауданының Ақкөл ауылында қызметкерлер отбасында өмірге келген. Ол  бір әулеттің ізбасары, тұяғы, еркебұланы болса да, еңбекқор, мақсаткер болып жетілді. Талабы таудай бозбала асау арманның жалына жармасып,  1965 жылы Жамбыл педучилищесін үздік дипломмен бітіріп, ауылға барып, бастауыш мектепте мұғалім болды. Келесі жылы  өзі сүйген тарих мамандығын таңдап, қазақ білімінің қара шаңырағы – ұлттық университетке (бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқуға түсті.
С.Кенжебаев, С.Жантуаров, Н.Дауылбаев, Х.Арғынбаев сияқты ғұлама ғалымдардың дәрісін тыңдап, болашағынан үміт күттірген шәкірт болды. Студенттік бал дәурен шақтарда, махаббат қызық мол жылдарда Ақ Жайықтың аруы Баянмен қол ұстасып, тілекке тілек, жүрекке жүрек қосты.  Жұптасқан екі жас университетті үздік дипломмен аяқтап, Ағарту министрлігінің жолдамасымен Қазақстанның байырғы жоғары оқу орындарының бірі –
А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық университетіне  жұмысқа келді. Бұл 1971 жыл болатын. Осы кезеңнен бастап Тұяқбай Зейітұлының бар саналы ғұмыры Орал педагогикалық институтымен тығыз байланыста өрбіді. Жас ұстаз аудиторияда дәріс оқи жүріп, ғылыммен шұғылдануды әсте естен шығармады. Ғылыми жұмыс өмірінің мазмұны мен мақсатына айналды. 1977 жылы ғалым Д.Дулатованың жетекшілігімен тарих мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ғылым жолында кейінгі жасқа ақыл айтар алдыңғы жақсылардың, атап айтсақ, қазақ тарихы ғылымының марқасқалары – академик М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов сынды тұлғалардың ағалық шапағатын көріп,  толғауы тоқсан тарих ғылымның ұлы көшіне ілесті. 1990 жылы «Қазақстан кеңестерінің 1938-60 жылдар аралығындағы шаруашылық және мәдени қызметі» атты тақырыпта докторлық диссертациясын ойдағыдай қор-
ғады. «Барлық билік кеңестерге берілсін!» деп жар салған Кеңес өкіметінің Қазақ елін жетістірген тұстары да, кесепат, кесірін тигізген тұстары да баршылық. Тарих – табиғат  пен қоғамның уақыт пен кеңістіктегі өткен жолы болса, демек КСРО тарихы – біздің  тарих. Ал тарихты азаматтық көзқараспен зерделеу – парыз. Бұл мәселеде ғалым өзіндік тұжырымдарын ұсына білді.

Профессор Т. Рысбековтің ғылыми, басшылық жұмыстарын екі кезеңге бөліп, қарауға болады. Бірінші кезең – Кеңестік Қазақстан тұсы да, екінші кезең – Тәуел-
сіз Қазақстан кезеңі. 1990 жылдар елімізде демократиялық жаңару жылдар болды да, Орал педагогикалық институты өз басшысын өзі сайлап, 1991 жылы Т. Рысбеков институт ректоры  болып тағайындалды. Еліміз тәуелсіздік алған соң, жаңа экономикалық қарым-қатынастар орын алды. Соған қарамастан Тұяқбай Зейітұлының қайраткерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жаңа заман сұранысына сай келетін мамандықтарға оқытатын кафедра-факультеттер ашылып, жаңа үрдіспен білім беру ісі қолға алынды. Ректордың бастамасымен университеттің басқару құрылымы жетілдірілді.  Ал 2002 жылы Тұяқбай Зейітұлы жаңа қызметке  ауысып, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшылығына сайланды. Бірақ ол қызметте аз ғана уақыт болған профессор Рысбеков өзінің бауыр басқан университетіне 2003 жылы қайта оралып, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректорлығына тағайындалды. Университетте оң өзгерістер жалғасын тапты. 2005 жылы қыркүйек айында М. Өтемісов атындағы БҚМУ қазақстандық жоғары оқу орындарының бірі болып, жалпы еуропалық білім беру жүйесінің стандарттарын ұстанатын құжат – Болонья (Италия)  Магна хартиясына қол қойды. 2005 жылы университетте «Отан тарихы» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғайтын Аймақтық диссертациялық кеңес ашылып, екі жылдың ішінде ғана 4 докторлық пен 10 кандидаттық зерттеу жұмысы қорғалды.  Осы ғылыми кеңестің арқасында талай жас ғылымның есігін ашты. Ақын Ғайсағалиша айтсақ, «Талай тұяқ тік тұрды, Бір Тұяқтың «Батыр» деген сөзінен қанаттанып». Тұяқбай Зейітұлының қажырлы еңбегінің нәтижесінде өңірімізде тарихшылардың тұтас  ғылыми мектебі қалыптасты.

Тұяқбай Рысбеков – Орал  өңірінің өткен тарихы мен этнографиясын зерттеу ісіне, оны ұйымдастыруға зор үлес қосқан айтулы тұлға.  Көрнекті ғалымның бес томдық шығармалар жинағындағы материалдардың жартысынан көбі Батыс Қазақстан тақырыбына арналған. Сондықтан кітапта  қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі таңдамалы ғылыми еңбектері де топтастырылып берілген. Ғылыми еңбектердің тақырыбы ұлтымыздың кешегі тарихы мен бүгінгі әлеуметтік-педагогикалық мәселелеріне арналуымен құнды. Атап айтсақ, «И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс тарихынан», «Қазақтың батыр қызы Мәншүк», «Культура тюркской государственности – важное национальное наследие»,  «Миссия высших учебных заведений в сфере культуры и искусства в сохранении и пропаганде культурного наследия» атты ғылыми еңбектері өзекті мәселелерді ғылыми жаңаша тұжырымдауымен құнды.

Аталмыш кітапта кейіпкердің тұлғалық қасиеті жан-жақты ашылған. «Қайраткер, Азамат, Тұлға» бөлімінде ғылымдағы ұстаз ағалары, замандас әріптестерінің ғалым Рысбеков туралы жазған мақалалары, ой-пікірлері топтастырылған. Алдыңғы толқын, ұстаз аға, академик К. Нұрпейісов жақсы көретін інісіне «Тұяқбай Зейітұлы сан қырлы талант иесі, ондай адамдарды халқымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға деп таныған» деп баға берген.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» дейді хәкім Абай. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толық адам. Абайдың арманындағы толық адам ғылыммен дамып, рухани ұлттық құндылықтар арқылы жетіледі. Ендеше, ұлы Абайдың «толық адам»  іліміне осы кітаптың кейіпкері толық сай келеді. «Азаулы да аға болар ерлер көп еді» деп Доспамбет жырау айтқандай, Ақ Жайықтағы аға болар ердің бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рысбеков Тұяқбай Зейітұлының өнегелі өмірі жастарға үлгі.

Мұрат Сабыр,

 филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале