Бәйтерек аудандық мәдениет үйінің концерт залында "Родничок" балалар фольклорлық ансамблінің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Бірлігіміз жарасқан" атты бағдарламасымен концерті өтті.
2012 жылы құрылған балалар ансамблі осы кезге дейін талай байқаудың алды болып, өлкедегі танымал ұжымдардың қатарына енді. Мәдениет саласында біраз жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан өнер саласының тәжірибелі маманы Анна Гумарова жетекшілік ететін ансамбль концертіне көрермен көп жиналды.
Өнер сүйер ағайынға үздік хореографиялық және вокалдық композициялардан тұратын бағдарламаны ұсынған бүлдіршіндердің өнеріне көпшілік тік тұрып қошемет көрсетті. Әр нөміріне кәсіби тұрғыдан орындалды. Хореография мен балалардың актерлік шеберлігінің органикалық үйлесімін көрсеткен ансамбль ерекше өнерімен тәнті етті. Тек өнер ғана емес костюмдерін де мұқият ойластырылғаны байқалып тұрды.
Өзінің бірегейлігі мен жемісті еңбегінің арқасында "Родничок" қоғам арасында үлкен құрметке ие болды. Қойылым бір сағаттан астам уақытқа созылса да көрерменді жақсы эмоцияға бөледі. Өйткені әр номер көңілдерінен шықты.
-«Родничок» балалар ансамблінің құрылған күнінен бастап осы кезге дейін жүріп өткен жолы көз алдымызда. Жетекшісі Анна Гумарова жұмысына шын берілген нағыз майталман маман. Балаларын өнерге жақын болсын деген ниетпен ансамблге берген ата-аналарға алғысымды білдіремін. «Родничок» тек ансамбл ғана емес, ол шағын отбасы, нағыз қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін рухани ортаға айналды. Тамаша өткен концерт үлкен жетістіктердің бастауы болсын,-деді концерт соңында құттықтау сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжанова.
Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Әсел Ижанова мен аудандық мәдени деалыс орталығының әдіскері Амангүл Рамазанова да ансамбль жетекшісі мен бүлдіршіндерге деген жылы лебізін білдіріп, ерекше сый ұсынды. Ал ансамблде өнер көрсететін балалардың ата-аналары атынан сөз сөйлеген Ирина Гиляровкая ансамбль жетекшісіне ризашылығын білдіріп, естелік сый тарту етті.
Шара соңында барлық көрермен мен қолдаушыларына ризашылығын білдірген ансамбль жетекшісі Анна Гумарова ауыл балаларын өнеге баулу ісін одан әрі жетілдіріп, бәйтеректік өнерпаздардың атын елге танымал ету жолында аянбай еңбектенетінін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz