26.11.2021, 9:50
Оқылды: 63

Үздік прокурор

Осы бір қағылез де еңбексүйгіш, кәсіби міндетіне адал берілген жас жігіттің есімі өз әріптестері ортасында құрметпен аталады. Отыздың ауылынан әлі ұзай қоймаған Қуаныштың мұндай абырой-беделге ие болуы – сонау бала жасынан бойына біткен тиянақтылық пен жауапкершілік қасиеттердің молдығынан болса керек. Алыстағы ауылдан екі сыныпты бітіріп, Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мектеп-лицейде оқуын жалғастыруы да талантты ұлдың талабын ұштай түскендей. Ал орта мектептен кейін екі бірдей жоғары білім алып, еңбек жолын ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасында бас маман болып бастаған. Өзіне жүктелген міндетті қай кезде де мінсіз атқарып, әділдіктің ақ туын биік ұстауды ғана мақсат тұтқан оның қызмет баспалдағы да сатылап өсіп отырғаны байқалады. Әр жылдары Казталов, Бәйтерек аудандары прокурорының аға көмекшісі, облыс прокуратурасында басқарма прокуроры және облыс прокурорының аға көмекшісі сынды лауазымды жастығына қарамай, абыроймен алып жүруі өзіндік білім-біліктің айқын көрінісі екені хақ.

D784964A-001C-4D43-AC11-55F81968965E

Біздің  әңгімеміздің арқауы болып отырған Қуаныш Мұстафин бүгінде облыстық прокуратурада үкімдердің орындалуына қадағалау жүргізу тобының басшысы - облыс прокурорының аға көмекшісі. Әр күні қарбалас... қол астында құжынаған құжаттар... әр парақтың бетінде адам тағдыры... қадағалау ісі қырағылықты сүйеді... үкім мерзімі мүлт кеткенді кешпейді. Осының бәрін елеп-екшеп, зерделеп-зерттеп, уақытпен санаспай кеңсе ісіне жегілу – тек төзімділікті ғана емес, қалаған мамандыққа деген шынайы сүйіспеншілікті де сынары хақ. Десек те, Қуаныштың қиындықтан жалтарып, босаңсыған кезі жоқ.

– Қызмет атқарған жылдар ішінде ол өзінің кәсіби біліктілігін айқын көрсете білді. Әрі қандай тапсырманы болмасын, тиянақты және сапалы орындайды. Облыс аумағындағы арнайы және түзеу мекемелеріндегі заңдылықты сақтау мен тәртіпті нығайту бойынша да біраз жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болуда. Бас прокуратура бастамасымен 2019 және 2021 жылдары Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында орналасқан түзеу мекемелеріне тексеріс жүргізу тобы құрамына енуі де біраз жайды аңғартса керек, – дейді әріптестері әңгіме арасында.

Қай салада болмасын, ақ адал еңбек пен маңдай тер, ортақ іске қосылған елеулі үлес ескерусіз қалмайды ғой. Қуаныш Сәлімұлы да Бас прокурордың Құрмет грамотасымен және «Прокуратура үздігі» төсбелгісімен марапатталғанын айта кеткен артық болмас. Облыс прокуроры тарапынан жарияланған алғыстар мен өзгелей сый-сияпаттары өз алдына бір төбе.

Ол – отбасында өнегелі отағасы, ардақты әке. Қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан қосқызы да ата-анасының көзқуаныштары.

Ауыр да абыройлы, қиын да құрметті қызметіңде тек биіктен көріне бер, Қуаныш!

Бауыржан Махутұлы.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале