26.11.2021, 11:40
Оқылды: 47

Орталықта білімдерін жетілдірді

Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде академиялық орталық ашылды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге және қорытынды аттестаттауға дайындықты сапалы деңгейде қалыптастыру мақсатында жұмыс істейтін орталықтың ашылу салтанатына 11-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары, пән мұғалімдері қатысты. 

CEEA8DE9-14C0-4040-A759-1BE0BB06C734

ҰБТ-ға дайындауды мек­теп құзырынан алып тастағалы, түрлі дайындық курстарының жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыққаны, балаларын грантқа түсіру үшін  ата-аналардың да қомақты қаржыны  сол курстарға жұмсайтыны бәрімізге аян. Мұндай жағдай ата-ананың қалтасын қағады, отбасы бюджетіне күш түсіреді. Әрі шәкірттердің уақытын алады. Өйткені оқушылар мектептегі сабақтарынан кейін арып-ашып, шаһардың әр жерінде орналасқан оқу орталықтарына барады. Ал осындай орталықтың мектептің ішінде болуы –  қуантарлық іс.

– Академиялық орталық ашудағы негізгі мақсатымыз  – қаламыздың шеткі аудандарында инновациялық мектеп моделін жасақтау, жаңашыл педагогтердің шығармашылық ортасын қалыптастыру, дарынды оқушылардың  әлеуетті мүмкіндіктері мен шығармашылық қабілеттерін дамыту. Өткен оқу жылында мектебімізден 45 ұл-қыз  түлеп ұшты. Олардың үшеуі «Алтын белгі»,  біреуі «Үздік аттестат» иегері. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарының білім гранттарын иеленуі 80%-ды құрады.  Биылғы оқу жылында білім грантының иегерлері санын 90%-ға жеткізсек деп отырмыз. Академиялық орталықтың жұмыс жоспарына сай әр аптада бүгінгі күннің өзекті мәселелері турасында ой бөлісетін «Менторлық сағат» өтеді. Аптаның әр күні  атаулы күндерге, атап айтсам, тайм-менеджмент, жетістік, табыс, идея, бағалау формулалары болып бөлінеді. Ор­талықтың лекторлары өзде­рі­нің тәжірибелеріне сүйене отырып, формуланы игеру әдістерімен бөліседі. Қабілетті оқушылардың тағы бірсыналатын бәйгесі – пәндік олимпиада болып саналады. Өткен оқу жылында республикалық пән олимпиадасын­да орыс тілі мен әдебиеті пәнінен мектеп түлегі А. Жұмағазиева І орынды, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен А.Есекеш ІІ орынды иеленді. Биылғы оқу жылында пән олимпиадасын бағындырар оқушыларымыз көп болсын деп еңбектенудеміз, – деді аталмыш мектеп директоры Шынар Сағынғалиева.

Академиялық орталықтың жұмысына барлық оқушы  қатыса алады. Өтетін іс-шаралар мазмұны қатысушылардың қызығушылықтарына қарай ұйымдастырылады. «Дарындылық – ғылыми жағынан әлі де зерделеуді қажет ететін қасиет. Сол себепті бойында ерекше қабілеті бар оқушыларға назар аудару, оларды әрі қарай шыңдау – біздің басты ұстанымымыз. Осы бағытта орталықта олимпиадаға ғылыми жобаларға оқушыларды дайындау жолға қойылған.

Сонымен қатар мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындау мақсатында жекелеген шәкірттермен жұмыс жүргізіледі,  дәріс сабақтар ұйым дастырылады. Бұл жұмыстардың барлығы да жеке тұлғаны қалыптастыру үшін аса маңызды»,  – дейді академия орталығының жетекшісі Гүлжихан Таскарина. Қазіргі уақытта білім беру саласының алдында бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, алған білімі мен біліктілігін күнделікті тірлікте пайдалана алатын, өзін-өзі дамытып, дұрыс шешім қабылдайтын тұлғаны тәрбиелеу міндеттері қойылған. Білім –  мемлекетіміздің басты байлығы, капиталы. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың сөзіне сүйенсек, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім» екені сөзсіз. Еліміздің болашағын ойлаған ұстаздар қауымы тәрбиелі, білімді шәкірттерді ертеңгі үлкен өмірге дайындап, шыңдауда.

Ақжібек Сағынбай,

мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Жас  тілші» үйірмесінің мүшесі,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале