26.11.2021, 12:00
Оқылды: 249

Пікірсайыс алаңында – студенттер

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 17-19 қараша күндері  «Zhangir  cup  II»  республикалық пікірсайысы  өтті.  Турнир  ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және туғанына 220 жыл толған реформатор, ағартушы  Жәңгір  Бөкейұлына  арналды. Жастардың санасындағы патриоттық сезіммен отансүйгіштік қасиетін нығайту, тарихымызды дәріптеу, дебат қозғалысын дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында университеттің жастар бастамасын дамыту орталығы мен «Рух» пікірталас орталығы ұйымдастырған турнирге11 облыстан 56 пікірсайысшы, 28 фракция қатысты.

80afade0-5ba9-440d-b4c4-18403772b6d3

– Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысында дебаттың алар орны ерекше. Дебат ойындарыжастардың сөйлеу мәнерін, ойлау қабілетін дамытып, шешендік өнерге тәрбиелейді. Бұл жолғы пікірсайыс турниріне Батыс Қазақстаннан бөлек 10 облыстан командалар тартудың өзі – үлкен жетістік. Бұл дебат қозғалысының жастар арасында кеңінен дамып келе жатқанын байқатады, – деді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі Жастар бастамасын дамыту орталығының директоры Асхат  Өкшебаев.

Турнирге қатысушы Қ Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі «Алашорда» дебат клубының құрылғанына көп болмаса да, құрамындағы ойыншылар – тәжірибелі пікірсайысшылар.

– Жәңгір хан университетіндегі «Рух» пікірталас орталығының мүшелерімен бұрыннан таныспыз. Бізді достастырған осы дебат қозғалысындағы белсенділігіміз. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қатысушылар еліміздегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді талқылауда. Әсіресе дебат ойындарына төменгі курс білім алушылары көптеп қатысып жатқаны қуантады. Пікірсайыс барысында Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарынан келген фракциялармен кездестік. Барлығының дайындығы жақсы, – деді аталмыш университеттің 4-курс студенті Батыр Дүйсенбек.

63dbf48a-cfb4-4253-9893-793bca261881

Дебат финалында Қазан қаласындағы террорлық оқиға, Ауғанстандағы жағдай, Қазақстан үшін жемқорлыққа қарсы күресте үлгі болатын мемлекет, Жайық өзені мәселесін шешудің тиімді механизмі тақырыптары бойынша сөз қозғалды. Ал іріктеуде Пермь мектебіндегі атыс, Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының суицид жасау себептері туралы айтылды.

Турнир нәтижесінде біріккен фракциялар арасында және үздік клубтар бойынша жеңімпаздар анықталды.

Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Алтын сапа» пікірсайыс клубы мен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Кемел» пікір­сайыс клубы мүшелерінен құралған «Дивергент» фракциясы (Санжар Латифов, Қобылан Ермекбаев) 1-орынға ие болды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі «Алаш орда» пікірсайыс клубы «Алаш» фракциясы (Батыр Дүйсенбек, Динара Жұмашева) 2-орынды місе тұтты.Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Заман біздікі» пікірсайыс клубы «Ақтөбе Арланс» фракциясына (Исламбек Бітімбай, Ердаулет Айтмағамбет) 3-орын бұйырды.

Жастар финалында  М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті «Жалын» пікірсайыс клубы «Ацетил КОА» фракциясы(Фатима Маратова, Ғани Сейдәлі) үздік деп танылды. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Ахмет ұрпақтары» пікірсайыс клубы «AU Forever» фракциясы (Амина Шакуова, Алмаз Ескендір) 2-орынды иеленді. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі «Заман біздікі» пікірсайыс клубы«Чип энд Дэйл» фракциясы (Биболат Алпысбайұлы, Жанат Ақырап) 3-орынға қол жеткізді.

Қазақ-орыс халықаралық университетіндегі «АПО» пікірталас орталығының мүшесі Бекбол Майлишев «Үздік спикер», Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «ҚарМУ» пікірсайыс клубы «Үздік делегация», Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2-курс студенті Ырысбек Тыныштыбаев  «Үздік  төреші» атанды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Ақиқат» пікірталас орталығының «Үмітің үзілмесін» фракциясы (Арман Нұрлан, Регина Бекәлі) «Үздік талпыныс» аталымын иеленді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Жалын» пікір-сайыс клубының «CОR» фракциясы да (Айнаш Тоқтарбаева, Жаңылсын Боранбаева) жақсы нәтиже көрсетті.

 Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале