БҚО-да автокөлік сиырға соғылып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға 26 қараша күні шамамен сағат 18:38-де Ақжайық ауданы, Жаңабұлақ ауылы маңындағы Орал-Атырау тас жолының 105-шақырымында орын алды. Hyundai Accent автокөлігінің жүргізушісі ірі қара малды (сиыр) қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1981 және 1977 жылы туылған автокөліктің жолаушылары түрлі жарақаттармен Ақжайық ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Автокөлік жүргізушісі медициналық көмектен бас тартты. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
БҚО Полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иелеріне малды еркін жаюға жібермеу керектігін ескертеді.
Өйткені, еркін жайылып жүрген жануарлар жол көлік оқиғаларына себепкер болады. Сондай-ақ қараусыз қалған мал - мал ұрлығы үшін оңай олжа болып табылады.
Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
zhaikpress.kz