29.11.2021, 8:59
Оқылды: 50

Тұңғыш рет тай көкпар өтті

Тұңғыш Президент күніне орай "Орал" спорт клубы мен "Ишанов" жеке кәсіпкерлігі бірігіп, ұлттық спорт сайыстарын өткізді. Оған спорт клубтың ат спорты бөлімінде жаттығып жүрген 50-ден аса бала қатысты. Сайыстың алғашқы күні ат спортының аударыспақ пен жамбы ату түрлері бойынша бақ сынаса, екінші күні теңге ілу мен көкпардың көрігі қызды.

WhatsApp Image 2021-11-29 at 08.42.46 (1)

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тай көкпары батыс өлкесінде тұңғыш рет өтіп отыр. Мұнда бақ сынаған баланың ең үлкені 13-те болса, кішілері 9 жасар палуандар. Негізі көкпар жарысына 16 жастан бастап қатысады. Дегенмен бұл күні кішкентай палуандар жастарына қарамастан додаға атойлап, тайсалмай кірді.
Жарыс алдында арнайы серке сойылып, "Орал" спорт клубының директоры Есқабыл Әбілшақұлы жас шабандоздарға батасын берді. Кейін төрт топқа бөлінген команда алаңды көк шаңға көмкеріп, серке мен салым үшін өзара қызу таласқа түсті.

WhatsApp Image 2021-11-29 at 08.42.46
- Жарыстың мақсаты - балаларға ойынды сезіндіру, ат үстіндегі шеберліктерін шыңдау, тәжірибе көрсету. Көкпар ойнауға күш, еп, білек пен біліктілік керек, ол екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан балалардың бұл ойыны жоғары бағаға лайық - дейді спорт клубта көкпар жаттықтырушысы Мағжан Жеңісов.
Үш сағатқа созылған текетірес нәтижесінде "Болашақ" командасы бірінші, "Қыран" тобы екінші және өздерін " Арлан" атаған палуандар үшінші орын алды. Салымшы ретінде Сержан Хамит, Миразат Айсұлтан, Мұратқали Арсен, Боранбай Әбдурахман, Миразат Айбарыс ерекше көзге түсті. Көкпар салтына сәйкес көрермендер балаларға салым еңбектерін берді. Екі күнге созылған жарыс соңында барлық жеңімпаздар спорт клуб атынан арнайы диплом және медалдармен марапатталды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале