30.11.2021, 12:11
Оқылды: 41

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Санаулы күндерден кейін қастерлі еліміздің Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

IMG-20211126-WA0024

Сол кездегі дүрбелеңде бала болсақ та бәрі кеше ғана көз алдымызда болғандай, көзімізбен куә қылғандай едік... Бірақ, тарих көзімен қарасақ солай екені де баршаға аян. Әрине, 30 жыл  бір адамның ғұмырымен қарасақ, бұл – ұзақ мерзім. Жай ғана ойлап көрсек, осыдан отыз жыл бұрын дүниеге келген нәрестелер күні бүгінде-ақ «Орда бұзар отыздың» биігіне шығып, біреулері ұрпақ жетілдіріп мектепке аттандырып жатса, енді біреулері ел өркендеуінің дамуына өз септігін тигізіп те үлгеруде.

30 жылдың ішінде Қазақстанда экономика, мәдениет пен руханиятты дамытуға арналған біраз мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Алдымен "Қазақстан - 2030" стратегиясы басшылыққа алынды. Ал 2012 жылы "Қазақстан-2050" стратегиясы жарияланды. Соның аясында салалық бағдарламалар қабылдана бастады. Жалпы, тәуелсіздік жылдары біраз құжаттар қабылданды.

Негізгі бағдарламалар:

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы;

Бизнестің жол картасы;

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы;

"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы;

"Рухани жаңғыру" бағарламасы (президенттің мақаласы негізге алынды);

Цифрлы Қазақстан;

"Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасы;

"Еңбек" бағдарламасы.

Бұдан бөлек, білім, денсаулық, ұлттық қауіпсіздік, экспорт, тіл саясаты, туризм, агроөнеркәсіп кешені, аймақтарды дамыту, жемқорлықпен күрес, дағдарысқа қарсы шаралар және тағы басқа маңызды бастамалар қолға алынды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды бағдарламалардың дәуірі өтті деп санайды. Сол себепті ондай құжаттарды ұлттық жобаларға айналдыруға тапсырма берілді. Осылайша, негізгі мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік болады.

Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсті. Қазақстан әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықты. Әрине, бұл уақыт ішінде мақтануға тұратын, мемлекеттігімізді нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты талай ауқымды істер жасалды. Дегенмен Тәуелсіздік осы отыз жылмен шектелмейді. Оған жетудің тарихы, қазағымыздың көрген қасіреті бір жағында тұрса, екінші жағында елдігімізді, егемендігімізді сақтап, оны келешек ұрпақ үшін нығайту ісінің тұрғаны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздіктің қадірі мен құндылығын, оны сақтаудағы бағдар-белестерді айқындап берді.

Президент мемлекетіміздің отыз жылда өткерген белестерді тізгіндеп, олардың әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанына назар аударды. «Көреген басшы елді өсіреді» демекші, Қазақстанның мемлекет болып, керегесінің кеңеюі жолындағы Елбасының дара көшбасшылығының маңызына айырықша тоқталды.

Қазақстан дамудың жаңа жолына түсіп, халықтың бостандығының сан ғасырлық армандарын жүзеге асырды. Қазірде халқымыз өз мәдениетін, тілін, діні мен дәстүрін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алды. Еліміздің әрбір азаматы ел тәуелсіздігін мақтан етеді. Еліміздің тәуелсіздігі - үш жүз жылға үзілген ұлттық бостандықты қалпына келтірген қазақ халқының ең қасиетті иелігі екені белгілі. Біздің парызымыз - республикамыздың Туын, Елтаңбасын және Әнұранын бағалау және құрметтеу. Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы біз біртұтас ажырамас отбасы мүшесі екенімізді сезінеміз. Бүкіл әлем бізді рәміздер нышандары арқылы таниды. Қазақстанның ең басты байлығы - ұзақ жылдар бойы жер бетінде салтанат құрып отырған Бейбітшілік екені мәлім. Елімізде мекендеген көптеген ұлттар мен халықтардың өз тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Сондықтан да барлық ұлттар мен халықтың өкілдерін достық пен түсіністік біріктіреді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құру идеясы өте уақтылы әрі дана болған деп санаймын. Мұндай институттардың күш-жігерінің арқасында Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері өздерін жайлы және қауіпсіз сезінеді. Ұлтаралық келісімнің бұл бірегей моделі еліміздің экономикалық табыстарының қозғаушы күшіне, әлеуметтік, саяси және мәдени міндеттерді шешудің іргетасына айналды.

Елбасымыздың көрегендігінің арқасында 1992 жылы еліміздің Қарулы Күштері, құқықтық әскері, қауіпсіздік пен құқық қорғау органдарының алғашқы алқалы жиындары өтіп, заңдары қабылданды. Тәуелсізідігімізге қол жеткізгеннен кейін, тура 26 күннен соң 1992 жылы 10 қаңтарда Елбасының Жарлығымен кешегі Ішкі әскері, бүгінгі Ұлттық Ұланы құрылды. Айтып өту керек, құқықтық тәртіп әскерлері күш құрылымдарының ішінде алғашқы болып құрылды. Алғашында Ішкі әскер болып құрылғанымен, кейіннен өз атауын Ұлттық Ұланға ауыстырды.

Ұлттық Ұлан еліміздің барлық өңірлерінде құрылып, Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыс, Орталық сынды өңірлік қолбасшылықтарды қамтып отыр. Бүгінде, міне, ел қорғау жолында қабылдаған антымыздың арқасында Отанға адал қызмет етіп келеміз. Қызығы мен қиындығы қатар жүрген  әскери қызметте біршама биік белестер мен асуларды асып, қызмет бабымен маған да Қазақстан Республикасы Ұлтық Ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарайтын Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы 5548 әскери бөлімінің командирі болу лауазымы бұйырыпты.

Бұл күнде Елбасымыздың қолдаумын құрылған Жаңаөзен қалалық әскери бөлімінің алатын орны ерекше. Қаладағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің арқасында біршама тәртіпсіздіктер мен алаяқтық қылмыс көздері дер уақытында ауыздықталып, өз ошақтарында сөнуде.

Міне, бұл жолда Ұлттық Ұланның жауынгерлері де аянбай қызмет етіп келеді. Еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін ел Президенті тұрақтылық пен тыныштықтың жолын ойластырып қойған еді. Өзімнің еңбек жолымда білікті, ел қорғауға әзір әскери қызметшілер дайындап шығарсам, Елбасымыздың ұстанған саясатын қолдай отырып, ұлтымыздың бейбіт өмір сүруіне сәл де болса өз үлесімді қоса білсем мен үшін одан асқан бақыт жоқ.

Ұлттық Ұланның ел ертеңіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенемін. Ел үмітін ақтап келе жатқан ұландық сарбаздарымыз «ел қорғаймын», «жер қорғаймын»-деген ниетінен таймай, мәңгілік елдің мәртебесін асқақтата берсін!

Санат Табетов,

5548 әскери бөлімінің командирі,

подполковник    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале