1.12.2021, 9:32
Оқылды: 38

3390 жұмыс орнына – 17 жоба

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі  реформалар  –  ел өркендеуінің берік  негізі» атты биылғы Жолдауын пандемия  кезіндегі мемлекет пен қоғамдағы маңызды міндеттер мен жоспарларды айқындауға арнады. Бағдарламалық құжаттың экономика саласындағы шешілуге тиіс мәселелерден басталуы тегін  емес. Пандемия экономика мен бизнесте тың көзқарас қажеттігін көрсетті, жаңа технологиялар мен цифрландыру қарқынынан қалмауды міндеттеді.

250C674A-B520-4748-93E9-EAF7D5A2A15C

Мемлекет басшысы, әсіресе пандемияның салқын салдары тиген өңірлердің экономикасын көтеру үшін «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» секілді мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдануды тапсырған еді.

Ел Президенті жүктеген тапсырмалардың біздің облыста орындалуы және биылғы жылдағы өңірдің жалпы экономикалық ахуалы туралы БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынан мәліметтер алған едік. Ендігі кезекте сол деректер мен дәйектерді сөйлетіп көрелік.

Биылғы  жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,2%-ға төмендеуі байқалып, 2,2 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіштің төмендеу себебін мамандар Орынбор газ өңдеу зауыты жұмысының жоспарлы және жоспардан тыс тоқтатылуымен және «Жайықмұнай» ЖШС базасында өндіруші ұңғымалардағы судың басым болуымен байланыстырып отыр. Ал металлургия саласындағы өндіріс көлемінің 34,6%-ға, тамақ өнімдері өндірісінің 4,1%-ға және мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің 42,2%-ға қысқаруына байланысты өңдеу өнеркәсібі саласында 9,9%-ға төмендеу байқалған. Аталған сала мамандары өндіріс көлемінің төмендеуіне карантинге сәйкес енгізілген шектеулер мен өнімге деген сұраныстың төмендеуі де өз әсерін тигізгендігін айтады.

Ал химия өнеркәсібі саласында өндіріс көлемінің 1,4 есеге, киім өндірісінде 1,3 есеге және жиһаз өндірісінде 1,6 есеге өсуі байқалған.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы аймақтық өнімдегі облыс өнеркәсібінің үлесі 45%-ды құраған. Айта кетейік, республикадағы өнеркәсіп көлемінің  7,8%-ы біздің өңірге тиесілі екен.

Өнеркәсіптің өсуін қамтамасыз ету мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің ұлғаюына ықпал ететін бірқатар іс-шаралар өткізіліп, қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарымен келісімшарттар жасалған. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 8,7 млрд. теңге болатын 22 келісімшартқа қол қойылған. «Самұрық-Қазына келісімшарт» ЖШС биыл БҚО-ның машина жасау компанияларымен 11 келісімшарт жасасқан.

– Биылғы жылы ҚР ҰҚК ШҚ қажеттілігі үшін «Зенит» Орал зауыты» АҚ «Айбар» кемесі және «Қайсар» қайығын дайындаған болатын. Бұдан басқа өнеркәсіп көлемінің өсімін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, биыл  «ҚПО б.в.» компаниясы ҚКП-дағы газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жөніндегі жобаны енгізді. Бұл бюджет 1 млрд  АҚШ долларынан асатын ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Ол шикі газдың қосымша көлемін жылына 4 млрд. текше метрге дейін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыс тұрғындары үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Сондай-ақ биыл газды кері айдайтын төртінші компрессордың құрылыс жобасы жүзеге асырылуда. Бұл да ірі жобалардың бірі болып есептеледі. Себебі бұл жоба өңірге шамамен 530 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестицияны тартады. Осы жобаны іске асыру газ көлемін ұлғайтуға, сол арқылы көмірсутек шикізатын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қарашығанақты кеңейту жобасы бойынша жұмыс басталды. Жоба Қарашығанақ кен орнындағы өндіру көлемін сақтауға мүмкіндік беретін шикі газды дайындау және кері айдау қуаттарын ұлғайтуды көздейді, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.

Басқарма ұсынған деректерге сүйенсек, биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 22,5%-ға төмендеп 298,4 млрд. теңгені құрады. Мамандардың пайымдауынша, бұл көрсеткіштің төмендеуінің басты себебі «ҚПО б.в.» компаниясының, газды кері айдайтын төртінші компрессорды орнату жобасын іске асыру аясында шығындарының төмендеуіне және биылғы жылдың наурыз айында Қарашығанақ өңдеу кешенінде газ өндірудегі шектеулерді алып тастау жобасының іске қосылуына байланысты болған.

– Биылғы жыл басынан облысқа инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестің төрт отырысы өткізіліп, жалпы сомасы 534,8 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба қолдау тапты. Бұл жобалар сәтті жүзеге асқан күнде 3400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар «Бизнеске арналған үкімет» жобасы аясында бизнесті ашу және қолдау үшін мемлекеттік қызметтердің 50-ден астам түрі көрсетіледі. Бүгінгі таңда 400-ге жуық кәсіпкерлік субъектілеріне 70-тен астам кеңес және 500-ден астам қызмет көрсетілді. Инвестицияларды тарту және облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында invest07.gov.kz инвестициялық портал жаңғыртылды. Бұл ақпараттық алаң бизнеске мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен, облыстың инвестициялық әлеуетімен, тауар өндірушілер тізілімімен, бос жер учаскелері туралы мәліметтермен, тауашалық жобалармен, инвестициялық преференциялармен танысуға мүмкіндік береді. Жалпы 1,6 трлн. теңгеге 7600 жұмыс орнын құрумен 70 инвестициялық жоба пулі қалыптастырылды. Оның ішінде, биылғы жылы 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, бүгінгі күні сегіз жоба іске қосылды. Олардың қатарында Қарашығанақ өңдеу кешенінің газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасы («ҚПО б.в.»), жиһаз фабрикасының құрылысы («Квант» ЖШС) және сүт зауытын салу («Uralsk­Trade­Company» ЖШС), қызанақ пен қияр өсіретін жылыжай кешенінің құрылысы («World Green Company» ЖШС) секілді ірі жобалар бар. Сонымен қатар  жылдың соңына дейін газды кері айдайтын 4-ші компрессор жобасы («ҚПО б.в.»), көкөніс сақтау қоймасын салу («Baystone» ЖШС), пластмасса қалдықтарын өңдейтін цех («Орал саудаөнеркәсіп компаниясы» ЖШС) сынды жобалар өз жұмысын бастайды деп күтілуде, – дейді Жанна Палатқызы.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыруға бағытталған 11 жылдың ішінде мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жалпы сомасы 135,4 млрд. теңгеге несиелер мен инфрақұрылымға 3 мыңнан аса жоба қамтыған. Қолдау тапқан жобалар аясында 28,2 мың жұмыс орны сақталып, 6 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Биылғы жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 4,6 млрд. теңге қарастырылған. 1 қарашадағы жағдай бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тетігі шеңберінде жалпы несие сомасы 17,0 млрд. теңгеге 798 жоба мақұлданып, кредиттерді ішінара кепілдендіру шеңберінде жалпы несие сомасы 9,7 млрд. теңгеге 547 келісімшартқа қол қойылған. Мемлекеттік гранттар бойынша жалпы сомасы 86,3 млн. теңгеге 18 жоба, өңірлік үйлестіру кеңесімен жетіспейтін инфрақұрылым тарту бойынша жалпы сомасы 459,1 млн. теңгеге үш жоба қолдау тапқан.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесі жалпы сомасы 41,7 млрд. теңгеге 300 жобаны іске асыру бағытында  жұмыстануда.

– Облыста «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік» бағдарламасы да сәтті жүзеге асуда. Биыл республикалық бюджеттен қалалар мен моноқалаларды несиелендіруге, яғни микрокредит беруге 500,0 млн теңге бөлінді, бұл сомаға «АШҚҚҚ» АҚ арқылы 30 микрокредит беру жоспарланған. Шағын несие бойынша ішінара кепілдендіруге республикалық бюджеттен 37,8 млн. теңге бөлінді. Биылғы  жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша микрокредиттерді ішінара кепілдендіру шеңберінде 63,2 млн. теңге кредиттер сомасына бес шартқа қол қойылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 500,0 млн. теңгеге 45 микрокредит берілді, 37 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ биылғы жылы «Аqjaiyq Atameken «МҚҰ» ЖШС арқылы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында шағын несие беру үшін 2,2 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі жағдай бойынша «Аграрлық-кредиттік корпорациясы» АҚ жалпы сомасы 46,0 млн. теңгеге 13 өтінімді қарастыруда, жалпы сомасы 22,1 млн. теңгеге бес өтінім мақұлданды, жалпы сомасы 59,9 млн. теңгеге тоғыз жоба қаржыландырылды, – деді Жанна Бекқалиева.

 Нұрбек Оразаев,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале