6.12.2021, 10:20
Оқылды: 52

Спорт ардагерін еске алу турнирі өтті

Бәйтерек ауданы Трекин ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы, спорт шебері, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Қалимат Қыдырұлы Қыдыровты еске алуға арналған ардагерлер арасындағы волейбол турнирі өтті. 

91EB42B0-F2DB-419F-8630-A9D129A0C296

Аталмыш жарысты тамашалауға аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мариям Сиражева, ардагер ұстаз Нәсіпқали Иманғалиұлы және Қалимат Қыдыровтың ұлы Еркебұлан Қыдыров келді.

Бар өмірін спортқа және ұстаздыққа арнаған жанды еске алу турнирінің көркін Теректі, Ақжайық аудандарының, Орал қаласының және Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының командалары қыздырды.

Жарыс ережесіне сай екі топқа бөлініп, турнир жүлдесін сарапқа салған волейболшылар бәсекесінде Орал қаласынан келген «Денсаулық» және Теректі командалары үшінші орынға таласса, Қалимат Қыдырұлының шәкірттерінен құралған Жақсыбай және облыс орталығында жүрген жәнібектік спортшылардың басын біріктірген «Жерлестер» командасы бас жүлдені сарапқа салды.
Алдымен турнирдің қола жүлдесіне Денсаулық және Теректі командалары таласты. Көрерменге қызықты ойын өрнегін ұсынған ойын қорытындысында теректіліктер жеңіске жетті.

5661D04C-7E83-4BAF-B526-79FA429CD6C7

Ал финалдық бәсеке көпшілікке қос жәнібектік ұжымның тартысымен қызықты болды. Тіпті бір-бірінен қарсы ойнаған ағайынды жігіттердің де бар болғаны финалдық кездесудің өзіндік сәнін берді. Сырлы ақтың сыры кетсе де, сыны кетпейтінін дәлелдеп баққан ардагер волейболшылар әуе добының барлық сұлулығын көрсетіп бақты.

9F3CF7E7-D6BD-4987-8DBB-FE4714CDF2B8

Шабуылға шабуылмен жауап қатып, әр ұпайды соңына дейін сарапқа салған тартысты ойын қорытындысында Оралдан келген «Жерлестер» командасы жарыс жеңімпазы атанды.
Одан бөлек, көрермен көңілінен шығар ойын өрнегін ұсынып, көпшіліктің көзайымына айналған Болат Кенжеғұлов «Үздік қорғаушы», Нұркен Закарин «Үздік байланыстырушы», Мейрамбек Тұрсынбаев «Үздік шабуылшы», Серік Есенов «Үздік ардагер ойыншы» аталымын иеленсе, Қадыр Хайырғалиев жарыстың «Үздік ойыншысы» атанды.

Қызықты бәсеке соңында Трекин ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейітов ауылға келіп, турнирге қолдау білдірген командаларға ризашылығын білдірді.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале