Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері ынтымақ пен бірлікке ерекше ден қойып, «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» деп осынау асыл ұғымдарды өмірдің өзегі ретінде бағалаған. Сан ғасырлар бойы елдікті аңсап, егемен елдің қазығын қағуды мұрат тұтқан арда бабаларымыздың арманы орындалып, елімізге Тәуелсіздіктің ақжарылқап күні туды. Бүгінде бұл күллі әлемге айғақ. Міне, биыл елімізде Тәуелсіздік туының желбірегеніне де 30 жыл толмақ.
Осынау ширек ғасырда еліміз қанша жарқын асулардан асып, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда ел өркендеуін елеулі жетістіктерге жеткізіп қана қоймай, елдің кемел келешегінің айқын жолдарын ашып берді. Әлемдік деңгейде ұтқыр тыңдырылған мақсатты шаралардың бәрі ата-бабаларымыз аңсаған берекелі тірліктің нышаны. Осынау жылдар бедерінде еліміз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дағдарыс ауыртпалығын еңсере отырып, еліміздің өркениет көшіне, яғни дамудың қарқынды жолына түсті. Қазіргі уақытта дамыған елу елдің сапына еніп, алдымызға одан да биік мақсат қойып, алғашқы отыздыққа енудің негіздері қаланды. Сөйтіп, әлемдік қоғамдастықтағы абыройымыз бұрын-соңды болмаған биіктерге көтерілді. Айталық, қазіргі жаһандық техногендік формацияда он сегіз мың ғаламдағы алпауыт мемлекеттер елімізді бірлігі мен ынтымағы бекем тұрақтылық пен достық мекені деп орынды бағалайды. Тіпті, қазірдің өзінде небір шетелдік белді инвесторлар Қазақстан нарығына қаржы құюға шын ықылыстарын танытып отырғандығын халық ел әлеуетінің бұрынғыдан да баянды боларына толық сенеді. Бұл ата-бабалар арманымен қоса замана талабы болса, біз осы үрдістен көрініп, осындай жоғары талап биігінен табылуды әрбір қазақстандық жете түсінуі керек. Бұл – біздің ел алдындағы қасиетті борышымыз.
Осы ретте айта кету керек, тәуелсіздік тұғырын нық ұстау бүкіл тіршілігіміздің өзегі, ұрпақтарымыздың алаңсыз келешегін ойлау деген сөз. Қоғам ішіндегі адамзат баласы үшін басты құндылық ретінде танылған Тәуелсіздік бірлік пен татулықтың арқасында тамырын кеңге жаяры ақиқат. Ынтымағы жоқ елден ырыс кетеді. Біз мұндай жағдайда алыстағы елдер ғана емес, жақындағы көршілерімзден-ақ көріп отырмыз.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың бейбіт өміріне ерекше көңіл бөліп, лаңкестік әрекеттерден алыс болып, бірлік жолын ұстану - Тәуелсіздігіміздің басты қалқаны деп ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті ұдайы назарда ұстап, ұйымшылдыққа ұйытқы болуды үндеп келді. Демек, біз еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауда табаңды еңбек етіп, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғауымыз керек.
Еліміздегі әрбір кәсіп иесі өз саласы бойынша ең сапалы түрде қызмет етер болса, дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауылы алыс емес екендігі баршамызға белгілі.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздерімен ғибратты толғамдарында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де, ұрпақтарына өнеге болып келеді. Ал Төле бидің «Бірлік болмай, тірлік болмас» деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың жадында сақталып, мызғымас бірлікті ту етіп келеді. Сондай-ақ халқымызда «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді»,- деген сөз бар. Демек, құр айқайға салмай, әрбір істі ақылға салып, кеңесе отырып шешу жолдарын ұсыну – қазіргі уақыт талабы.
Мәңгілік елге бастаған нұрлы жолымыз жарық, ел Тәуелсіздігінің тұғыры берік болсын!
Азамат Борамбаев,
Орал қалалық №2 сотының төрағасы
-1762266575.html