Жаңақала колледжінде Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы – елдің тірегі» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиында аудандық кітапхана «Елбасы - кемеңгер көшбасшы» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, көрермен назарына ұсынды.
Концертте бейнебаян арқылы алдымен әлем мойындаған тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргетасын бекіткен алып тұлға Елбасы Н.Назарбаевтың өмірбаянына қысқаша шолу жасалды. Одан кейін аудан әкімі Дархан Закарин мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
- Сіздерді бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн барша Отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын күн. Бұл мерекенің ерекшелігі – Қазақстан халқының мемелекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Себебі ол осы күнге дейін қолжеткізген жетістіктер Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Елбасымыздың елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз, - деп аудан әкімі Д.Әмірханұлы мерекеге орай марапат иелеріне құрмет грамотасы, төсбелгі, алғысхат табыстады.
Атап айтсақ, «Республикалық фитосанитралық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің құрмет грамотасымен Бауыржан Молдағалиев, «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Айгүл Қуанқызы мен Жұмағаным Қабдығалиқызы, аудан әкімінің алғыс хатымен Гүлназ Жаниманқызы, Жаңылсын Хамитқызы, Аслан Қанатұлы, Анар Едіресқызы, Мұстафа Мұратұлы, Беркін Бауыржанұлы марапатталды.
Салтанаты шарада Амангүл Сисенова «Қазақ жігіттері» әнін, үлгілі «Гүлдәурен» би ансамблі «Қазақ биін», Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқушыларынан құралған домбырашылар тобы күйден шашу шашты. Ал Бекқали Сағынғали «Ақжайнақ» термесін, Азамат Марат «Қазақстан» әнін, Үлгілі «Нұрбибі» ансамблі «Попури» орыс биін орындады. Мерекелік шара өз мәресіне жетіп, жігіттер триосы «Елбасы» әнін көтеріңкі көңіл күймен аяқтады.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz