7.12.2021, 10:40
Оқылды: 76

Біздің редактор

Уәлиолла Ғаббасов – тоқсан жылдан астам тарихы бар аудандық басылымның бастау тұнығында тұрған тұлғалардың бірі. Яғни «Орда жұлдызына» он жылдай басшылық етіп, аудан тарихын тасқа басқан басшымыз. Сарғайған газет парақтарын ақтарып отырып, сол кездері оқырманмен байланыстың жақсы жолға қойылғанын, олардың да белсенді болғанын көріп, қызығамыз. Сын садағы да әр кез оқтаулы болыпты. Сол биікті аласартпау, алдыңғы толқын еңбегін жалғастыру – кейінгінің парызы.

WhatsApp Image 2021-12-07 at 10.10.47

Уәкең 1941 жылы қазан айының соңында бұрынғы Орда ауданының Талап ауылдық кеңесінде дүниеге келіпті. Әкесі Ғаббас Бөршеков «Қайрақты» ұжымшарында еңбек еткен. Бастауыш сынып есігін Әжен ауылында (№88 түйе зауытының орталығы) ашқан ол кейін С. Буденный атындағы Пятимар он бір жылдық мектебін бітірген. Одан соң тың көтеру үрдісіне үн қосқан сыныптастарымен бірге екі жыл трактор тізгіндеп, КазГУ-ге сол еңбек майданынан аттанады. Университет қабырғасында да өзінің алғырлығымен, тиянақтылығымен көзге түсіп, үлгілі студенттер қатарынан табылады. Ал енді 1965 жылы Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газеті редакциясында журналистік қызметін бастаған ол бақилық болғанша қолынан қаламын түсірген жоқ. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылып, аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі болғанда да, аупарткомда қызмет істегенде де газеттен байланыс үзбеді. Бөршеков, Дәулетәлиев, Бәйменов, тағы басқа бүркеншек аттармен түрлі тақырыпта жиі қалам тербеді. Кейін өзі редактор болған кезде: «Тілде сүйек жоқ қой, бірақ шындықтан алыс кетпейік. Оқиғаның ортасында жүрген оқырман бәріне сыншы. Ұятқа қалмайық», –  дейтін ол.

Редактор У.Ғаббасов газет жанрларын да өте жақсы біле­тін. Корреспонденция, мақала,  очерк, фельетон, репортаждармен қатар, тақырыптық шолу, талдау, сараптамалық материалдар үздіксіз жарияланып жататын-ды. Әрі оқырмандармен байланысқа баса көңіл бөліп, ауылдық тілшілер қызметін жандандыруға ерекше күш салды. Көптеген жаңа айдарлар да ашты.

– Жәнібекте жүргенде «Қойыртпақ» деген айдар ашып, орынсыз қолданылған сөз тіркестерін жариялайтынбыз. Сонда редакцияға бір кеңшардың парткомы келіп, мұнымыздың жөн еместігін, ауылдан хат жолдаушылардың дені орта білімді жандар екенін жеткізіп: «Олардың сол жазғандарына рақмет айтыңдар, жоғары талап қоймаңдар дегені бар», – деп еске алатын.

Иә, «хат артында адам бар» қағидасын берік ұстанған редактор әр қызметкерге келген хаттарға сергектікпен қарауды тапсыратын. Кейде «Бір хаттың ізімен» журналистік іссапарға аттандырып, оны мұқият тексертіп, мәселені байыппен шешуге тырысатын. Осылайша шындыққа негізделген, дерегі дәлелденген материалдар ғана көпшілікке жол тартатын.

Қазіргі күні өмір-өзен өз ағысын өзгертті. Ұрпақ та, қоғам да жаңарды. Тек өткеннен сабақ алып, болашағымызды дұрыс бағамдай білсек болғаны. Ең бастысы, өз уа­қытында елімізге, өңірімізге, халқымызға адал қызмет еткен ағаларымыздың есімін еске алып, кейінгілерге үлгі ете білсек деймін. Біздің Уәкең сондай көңілі ақ, ниеті таза, қайырқом, өз ісіне шынайы берілген азаматты. Арамызда аман-сау жүрсе, биыл 80-ге толар еді... Бір кем  дүние!

Каримолла Ғайсин,

зейнеткер,

Қазақстан  Журналистер одағының  мүшесі,

Бөкей  ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале