7.12.2021, 11:10
Оқылды: 150

Сатыбалды Дәулеталин: «Артықшылықтарды пайдалану–әлеуметтік масылдық»

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында Ақ Жайық өңіріндегі «Қазбургаз» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен онлайн сипатында кездесу өткізді. Басқосуға федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, жергілікті кәсіподақ пен оның құрамына кіретін өзге де бастауыш ұйымдардың төрағалары, еңбек ұжымының өкілдері, «Қазбургаз» АҚ-ның басшылығы, қазақстандық мұнайгаз салалық кәсіптік одағы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова қатысты.

15

Кездесуді ашқан Айгүл Есекенова «Қазбургаз» кәсіпорны бастауыш ұйымының «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы құрамында екенін айтты. Жергілікті кәсіподақ құрамында 14 бастауыш ұйым бар. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 1390. «Қазбургаз» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымы 1985 жылы Қарашығанақ кен орнын игеру басталған күндері құрылған. Акционерлік қоғамда 199 адам жұмыс істейді. Оның 124-і ғана кәсіподаққа мүше. Бұл кәсіпорын жұмысшыларының  62%-ын  құрайды.

«2020 жылға дейін қабылданған үш жылдық  ұжымдық шарт мерзімі жаңа тариф қабылданғанға дейін ұзартылды. Онда түрлі әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған.  Бастауыш ұйым жұмыскерлердің әлеуметтік, еңбек, экономикалық құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелерді  жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестік негізінде шешеді»,– деді бастауыш ұйым төрағасы Екпін Шакенов.

«Қазақстандық мұнайгаз салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мұстафина Кәсіподақтар федерациясы басшылығының акциясы аясында бұрғылаушылармен екінші мәрте кездесіп отырғанын айтты. Оның пікіріне сүйенсек, мұнай сервистік компаниялардың жағдайы тапсырыс берушілердің бағасына тәуелді болғандықтан, бұлардағы жұмыскерлердің жағдайын ұдайы назарда ұстау керек.

«Ірі өндіруші компанияларда еңбек қатынастарын ұжымдық шарттық реттеу қаржы жағынан оңайырақ. Бұрғылау компанияларында бұл мәселе бағаға тәуелді. Бірақ «Қазбургаз» АҚ туралы олай деуге болмайды. ҚПО жаңа ұжымдық шарт қабылдағалы отыр. Ол мердігер компанияларға таралмайды, дегенмен біз жақында салалық тарифтік мөлшерлеменің 1,3 коэффицентіне қатысты толықтыру енгізген салалық келісім  осы мәселеде бағдар бола алады. Қазір ол ҚПО-ның ұжымдық шартына негізделеді. Мердігерлер де бірқатар ең төменгі жеңілдіктер сақталуы керек деген ортақ келісімге келуі мүмкін. Ұжымдық шарт талаптарын талқылау бойынша тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетудеміз. Бұл кәсіпорын бойынша алаңдауға негіз жоқ»,–деді Елена Мұстафина.

Осы тұста «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қадыр Абдулин ұжымдық шарт тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты жасалса деген ұсынысын білдірді.

ҚРКФ төрағасы кездесуге қатысқан қазандық операторы Сирин Хисматулиннен  кәсіпорындағы еңбек жағдайын, әсіресе, жалақы мөлшері жайында сұрап білді. Жұмысшы пандемия кезінде өндіріс тоқтап, басқа жұмысқа ауысқанын, осының салдарынан жалақысы төмендегенін айтты. Егер бұрын ол 200-220 мың теңге алып келсе, қазір KPI-ды (негізгі өнімділік көрсеткіштері) қоса есептегенде 90-120 мың теңге алады. «Қазбургаз» АҚ-ның  сервис және инфрақұрылым жөніндегі вице-президенті Бауыржан Дүйсенов пандемия кезеңінде бұрғылау жұмыстары тоқтатылып, жұмыс күшін сақтап қалу үшін  оларды басқа жұмыстарға ауыстыруға мәжбүр болғандарын, бұл жағдайдың жалақы мөлшеріне кері әсер еткенін жеткізді. Осыған қарамастан KPI, сыйақылар, әлеуметтік жеңілдіктер арқылы жағдайды жақсартуға тырысқандарын атап өтті.

ҚРКФ төрағасы компания басшылығының пандемия кезінде жұмысшыларды жоғалтпай, сақтап қалғанын қолдайтынын, алайда кәсіпорын кірісі әділ бөлінуі  тиіс екендігін ашық айтты.

«Жалпы кәсіпорындағы орташа жалақы 90 мың теңге деп отырсыздар. Бұл аз. Негізінен кіріс топ-менеджерлер арасында бөлініп, жұмыскерлерге тиесілі жалақы қоры екінші кезектегі мәселе болып қалады. Жалпы елімізде кірістің шамамен 26-29 %-ы жалақы қорына бөлінеді. Бұл, шын мәнінде, өте төмен. Дамыған елдерде еңбекақы қоры 50%, 60%, тіпті 70%-ды құрайды. Сондықтан табыстың әділ бөлінуіне ұмтылу қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бауыржан Дүйсенов еңбекақыға кәсіпорын ғана жауапты емес, кәсіпорын мемлекет белгілеген стандарттар негізінде жұмыс істейді дей келе, ҚРКФ-дан бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешуді  сұрады. Бұған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы аталмыш федерацияның  ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін былтырдан бері көтеріп келе жатқанына, бұл істе ілгерілеу бар екеніне назар аудартты.

«Ең төменгі жалақы – мемлекет белгілеген ең төменгі стандарт екені белгілі. Президенттің оны 2022 жылдың  1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеге көтеру туралы бастамасы – кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Біз мұны бірінші қадам деп есептейміз. Енді оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажет. Ең төменгі жалақы елдегі орташа жалақының кем дегенде 50%-ын  құрауы тиіс. Қазір орташа жалақы, шамамен 240  мың. Демек, ең төменгі жалақы 120 мың теңге шамасында болуы керек. Бүгінгі қаржылық-экономикалық жағдайды және дағдарысты ескерсек, мемлекет қазір мұны істей алмайтыны анық, дегенмен біз бұл мәселені әрі қарай да алға жылжытатын боламыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясы басшылығы кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталу деңгейін де сұрады. «Қазбургаз» АҚ-ның сервис және инфрақұрылым жөніндегі вице-президентінің сөзінше, мұнда еңбек қауіпсіздігіне баса мән беріледі. «Кәсіпорында жазатайым оқиға соңғы рет шамамен 10 жыл бұрын болды. Өндірістегі қауіпсіздік – басым бағыттардың бірі. Тіпті күнделікті кездесулеріміз еңбекті қорғау мен  өндірістік талаптарды талқылаудан басталады. Бұл мақсатқа аз қаржы жұмсалып отырған жоқ, бірақ кәсіпорынның ең басты құндылығы – жұмысшылары»,–деді ол.

Кездесуде кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрылғаны  айтылды. Сатыбалды Дәулеталин өндірістік кеңестің кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін реттей алатын негізгі құралдардың бірі екенін, паритетті негізде құрылатын кеңестің шешімі міндетті екенін еске салды. Жыл сайын елімізде өндірісте 200 мың адамның қайғылы жағдайға ұшырайтынын айтып, бұл мәселені де ұдайы назарда ұстауға шақырды.

Ал жергілікті кәсіподақ төрағасының ұжымдық шартқа қатысты айтқан ұсынысына ҚРКФ ұжымдық шарт тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты болуы керек деген  ұстанымда екенін тағы да ескертті. «Ұжымдық шарт оны жасауға атсалысқан кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты болуы керек. Сондықтан бұл жерде ҚРКФ-ның ұстанымы анық және біз барлық жерде ұжымдық шарттың тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты болуын талап етеміз. Ұжымдық шартты жасау үрдісіне қатыспаған жұмыскерлердің ондағы жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалануы – әлеуметтік масылдық»,– деді ҚРКФ төрағасы.

Басқосуда «Қазбургаз» АҚ-ның ұжымдық шартында жалақыны индексациялау мәселесіне назар аударылды. Бауыржан Дүйсеновтің сөзінше, индексация мәселесін жаңа шартқа енгізу қарастырылуда. «Біз елдегі ұжымдық шарттарды саралай келе,  индексацияның  тек 10%-да ғана бар екенін анықтадық. Бұл өте аз. Бұл  әділетті емес. «Қазбургаз» АҚ  басқаларға үлгі болады деген ойдамын. Сондықтан жұмыс берушіден осы мәселеде кәсіподақ ұйымын қолдауды сұраймын, бірақ индексация тәртібін анықтау қажет. Себебі 90 мың теңге алатын  адамға индексация жасау керек, ал  900 мың  теңге алатын топ менеджментке оның қажеті бар ма, жоқ па оны өздеріңіз бірге отырып анықтауға тиіссіздер», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ  еңбек жағдайын жоғарылатып қоймай, кәсіпорынды дамытуға да атсалысу қажет деген пікірін білдірді. Кездесуді қорытындылай келе кәсіподақ ұйымының жұмысын, әлеуметтік әріптестіктің даму деңгейін  жоғары бағалап, салалық және аумақтық кәсіподақ төрағаларына бұл тәжірибені өзгелерге таратуды тапсырды. Жиында федерацияның соңғы бір ай көлемінде халықаралық бағытта қол жеткізген жетістіктері айтылды. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжік-стан кәсіподақтар федерацияларының кәсіподақтар тарихында тұңғыш рет Орталық Азия елдерінің кәсіп-одақтары кеңесі (ОАЕКК) құрылғаны, ҚРКФ-ның арнайы делегациясының Еуропаға сапарлап, ХЕҰ мен ХКК-ын федерациядағы оң өзгерістерден құлағдар етіп, тікелей қарым-қатынас орнатылғаны баяндалды. Сатыбалды Дәулеталин бұл қадамдардың  еңбек адамының өмір сапасын жақсартуға септігін тигізетінін және ХЕҰ-мен  федерацияның білім беру орталығының жұмысын жаңғыртуға,  заң клиникасын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларға кіріскенін хабарлады.

14

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қадыр Абдулин федерациядағы жұмыскерлер атынан бүгінгі кездесу үшін ҚРКФ басшылығына алғысын білдіріп, мұнай-газ саласы қызметкерлерінің қаласы Ақсайға шақырды. Негізі ҚРКФ «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын бастауыш ұйымдарымен «кері байланыс» орнату үшін қолға алды. Акция кәсіподақ  мүшелеріне, кәсіподақтар федерациясының басшылығына, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына,  мемлекеттік құрылымдар өкілдеріне, жұмыс берушілерге өздерін мазалаған сұрақтарды тікелей қоюға  мүмкіндік береді.

Гүлнәр Шәңгерей,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале