Жастарға жан-жақты қолдау көрсету - мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Бұл туралы бүгін Ақордада «Тәуелсіздік құрдастары» грантын салтанатты табыстау шарасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанда азаматтардың жаңа буыны, оның үстіне лайықты буыны өсіп шықты. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі саналады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының алғашқы жартысындағы жүйелі дағдарыс жағдайында Қазақстан ауқымды «Болашақ» бағдарламасын іске қосты. Бұл - Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын. Осы бағдарламаның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған жас әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды және білім алып та жатыр. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде Қазақстанның кезең-кезеңімен дамуына өз үлесін қосып келеді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.