9.12.2021, 10:31
Оқылды: 132

Тасқала ауданы әкімі Достық пен Ақтау ауылдарында болды

Әр ауылдық округтің, әр елді мекеннің шаруашылықтың бір бағытына маманданып, сол саланы дамытқаны абзал. Тасқала ауданында соңғы жылдары көңіл бөлініп отырған құс шаруашылығы, бау-бақша егу секілді кәсіптерді одан әрі дамытып, тұрғындардың қосымша мол табысқа кенеленуіне жағдай жасауды маңызды орынға қойып отыр.

7

Достық ауылы үлкен жолдың бойында орналасқан перспективалы елді мекен. Осы іске ауыл тұрғындарын түгел жұмылдырып, әсіресе жастарды ынталандыра отырып аталған кәсіпке кеңінен көңіл бөлсек ауыл-аймақтың шаруашылығын көтеруге мол мүмкіндіктеріміз бар, - деді аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов Достық ауылының тұрғындарымен кездесуде. Алдағы жылдарға жоспар құрылғалы отыр. Осы жұмыстардың бастамасы бар екені Достық ауылдық округінің әкімі Хафиз Ахметовтің баяндамасында баяндалды. Үстіміздегі жылы Достық мектебінің ұжымы және ауыл тұрғындары бірігіп Деркөл өзенінің бойында 3 га жерге ұжымдық бақша егіп, картоптың мол өнімін алуда. Сонымен қатар, округ тұрғындары А.Усенов, М.Исагалиев, Р.Ахметова 3,5 га жер теліміне бау-бақша отырғызып, алған өнімдерін ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатқан. Бастау ауылының тұрғыны Р.Ахметовада 2 га жер телімін алып, бау-бақшаны кәсіп етуде. Қайтарымсыз грант иегері атанып, кәсібіне қажетті құрал-саймандарды сатып алған. Оған қоса жылыжайды жайластырып, қияр, қызанақ секілді көкіністердің өнімдерін алып отыр. Округте екі ауыл шаруашылық кооперативі құрылып, жұмыстануда.

Қазіргі кезде ауыл тұрғындарын жайылым жерлердің тарылуы мазалауда. Жайылым мал шаруашылығының дамуына әсерін беретін негізгі фактор. Бұл туралы сөз алған ауыл тұрғындары Сейілбек Нашанов және Асылбек Нұртазин мәлімдеді. Аудан басшысы Бауыржан Айтмағамбетов округтерге іс сапарлардың мақсаты тұрғындарды алаңдатып жүрген мәселелерді анықтап, олардың шешу жолдарын табу екендігін атап өтті. Достық ауылында жайылым мәселесі, сонымен қатар, тұрғындар айтып отырған электр энергиясы жүйесінің тозуы, жол мәселесі секілді көкейкесті сұрақтар назарға алынып, алдағы жұмыс жоспарына енгізілетініне тоқталды.

8

Елімізде азаматтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Ақтау ауылының тұрғындары осы жобаларға қатысу көрсеткіштері айтарлықтай. Айта кетсек, ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны қырық пайызға төмендеген. Жұмыссыздар саны да азайып отыр. Жүргізілген құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған жұмыс күшінің басым бөлігі ауыл тұрғындарының болуы, жұмыссыз тұрғындарға қайтарымсыз грант бөлу секілді түрлі мемлекеттік қолдау шараларының жемісі десек қате болмас. Ақтаулықтардың шаруашылықтары да едәуір көрсеткіштерге ие. Төрт түліктің саны артып отыр. Ірі қара мал басы саны 25 пайыз, ұсақ мүйізді мал басы саны 35 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Демек, ауыл тұрғындары қосымша табыс табуға мүмкіндікке ие болып отыр. Шаруа қожалықтар биылғы жылы майлы дақылдардың егіс көлемін арттыруға бел буған. Оған қоса мал азығына 1500 га астам алқапты бөліп, 8000 тоннадан астам шөп жинап қойған. Бұдан басқа ақтаулықтар техникалық су тартып, орталық саябақтарын жанғыртпақ. Бұл көрсеткіштер Ақтау ауылында өткен аудан әкімінің тұрғындармен кездесуінде баяндалған округ әкімінің баяндамасында аталынып өтті. Ақтаулықтардың туған жеріне деген ықыласы ауылдың мәселелері арасында өзектілеріне басымдық беруінен байқауға болады. Күре жолдың етегінде қоныс тепкен елді мекен тұрғындары ауылға кіре-беріс жолды жөндеу мәселесін сұрауда. Сонымен қатар, электр энергиясы жүйесінің осалдығы да алаңдатуда. Жиын соңында аудан әкімі осы және аталған өзге де мәселелердің шешу мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталатынын жеткізді. Кездесу аяқталған соң аудан әкімі, мәслихат хатшысы және жиынға қатысқан аудандық мекеме және ұйым басшылары азаматтарға қабылдау өткізіп, «Ашық әкімдік» шарасында жеке сұрақтарына түсініктемелер берді.

Әсемгүл Аманова,

Гүлмира Маханова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале