Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 және Тасқала аудандық халықтық театрының 15 жылдық мерейтойына орай Тасқала ауданында "Театр-өміршең өнер" атты республикалық-аймақтық халықтық театрлар байқауы оздырылды.
Өнер байқауында Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан келген бас аяғы сегіз театр бақ сынады.
Аталмыш байқауда Бәйтерек ауданының мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған "Шың" сазды-драма театры да бой көрсетті.
Тарихы тереңде жатқан тәжірибелі театрлармен терезесі тең өнер көрсеткен бәйтеректік өнер ұжымы бәсі биік бәсекеде үшінші орын иеленді.
Өнер бәйгесінде "Шың" сазды-драма театры көрермен назарына "Құйын" эксперименталды трагедиясын ұсынып, қалың көпшілік қошеметіне ие болды.
1986 жылы Алматы қаласында орын алған "Желтоқсан" көтерілісіне арналған шығарманың авторлары Бақтияр Жақсымбетов, Әліби Жанәбілов және Кенесары Бұлғанбаев. Жас болса да көп іс тындырған талантты режисер Әліби Жанәбілов жетекшілік ететін "Шың" сазды-драма театры актерларының Тәуелсіздігімізді тұғырға көтеруге сеп болған көтеріліс жайлы туындысы өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Қойылым барысында көзіне жас ала тебіренбеген жан аудан өнерпаздарының шеберлігіне тік тұра қошемет көрсетті.
Өнерпаздар қойлым арқылы көрерменді патриоттыққа, тәу етер тәуелсіздігімізді ұлықтап, осы жолда құрбан болған жандарды ұмытпауға шақырады.
Құрылғанына көп болмаса да үлкен еңбек пен табандылықтың арқасында "Шың" сазды-драма театрының труппасы ауқымды байқауда лауреат атанды. Бұл бәйтеректік театрдың болашағы зор екенін көрсетеді.
Назерке Сыйлыбаева,
Байтерек ауданы,
zhaikpress.kz