14.12.2021, 10:00
Оқылды: 62

Жаңа жатақханалар салынуда

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша елімізде студент жастарға арналған жатақханалар салынуда. Былтыр жеке инвестор есебінен  Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі мен Орал «Мақсат» медицина колледжіне арналған 144 орындық жатақхана бой көтерді. 

WhatsApp Image 2021-12-14 at 09.45.18 (1)

Биыл «Орал трансформатор зауыты» АҚ Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенттеріне арналған 100 орындық ғимаратты жаңғыртуды тәмамдау сатысында.
«Болашақ – Т» ЖШС Орал политехникалық колледжі жанынан 150 орындық жатақхананы салуда. Бүгінгі күні бөлме қабырғаларын қалау және бесінші қабаттың қасбетін қаптау, төртінші қабаттың еденін құю, сондай-ақ үшінші қабаттағы терезелерді орнату жұмысы жүргізілуде. 2020 жылдан бастап М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін 500 орындық 9 қабатты жатақхана салынуда. Биыл нысанның 8 қабаты бой көтерді. Құрылыс жобасы 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, жатақханалар жеке инвестордың қаражатына салынуда. Олар құрылыс жобаларын іске қосу үшін «Қаржы орталығы» АҚ-ға өтінім жолдайды. «Қаржы орталығының» басты мақсаттарының бірі – білім саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту. Елбасының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші әлеуметтік бастамасы бойынша «Қаржы орталығы» АҚ  бағдарлама операторы болып табылады.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 09.45.18

Студенттік үй пайдалануға берілген соң, инвесторларға алғашқы жылы жатақханадағы әр орын үшін жаңадан салынса, 122 айлық есептік көрсеткіш, қайтадан жаңғыртылса, 47 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат төленеді. Содан кейінгі жылдары жатақханада тұратын нақты студент санына байланысты қаражат аударылып отырады. Инвесторлармен ке­лісімшарт 8 жыл мерзімге жасалады. Компанияларға қойылатын басты талаптың бірі – студент жастарға арналып салынатын жатақхана 100 орыннан кем болмауы тиіс. «Қала орталығында орналасқан Құрманғазы атындағы музыкалық колледжі мен жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенттері тарапынан жатақханаға сұраныс бар. Кейбір студенттер басқа колледждердің жатақханаларына орналасады. Оқу орнынан қашық жерде тұрғандықтан, көбі сабаққа келуді қиынсынады. Құрылыс жобалары «Бес
әлеуметтік бастама» ауқымында студенттердің бі­лім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізілуде. Студенттерге ұзын саны 750 орын дайындалуда», – деді Зәуре Ғұмарова.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале