Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 2006-2007 жылы және 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер мен жастар арасында қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық чемпионаты өтуде. 50 келі салмақта Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы, Айдархан жалпы орта білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Айбатыр Айбекұлы ІІІ орынға ие болып, қола жүлдені қоржынға салды.
Айбатыр республикалық дүбірлі додада жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмей барлығын таза жеңіп, тек жартылай финалдық белдесуде ғана қарсыласына ұпай санымен есе жіберіп, қола жүлде үшін белдесуде қарсыласын таза жеңіп, мерейімізді асырды.
Айбатырдың алғашқы жаттықтырушысы, жеке бапкері әкесі Айбек Миразатұлы екенін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бұл жүлдеде аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушысы Табылғали Табылдиевтің еңбегі бар деп білеміз.
Ж.Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz