Орал шаһарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Батыс" өңірлік қолбасшылығы базасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Тәуелсіздік жүрегіміздің төрінде" салтанатты іс-шарасы өтіп, бір топ әскери қызметшілерге "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медальдары табысталды.
Салтанатты іс-шараға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы басқармасының және 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы, ардагерлер, облыс пен қаланың өзара іс-қимыл құрылымдарының өкілдері қатысты.
Айтулы шара Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың қатысуымен өтіп, бір топ әскерилерге Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің атынан алғысхаттар табысталды.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы әскери қызметшілерге құттықтау сөзінде: – Тәуелсіздік туы желбіреген 30 жылда халқымыздың бірлігі мен Елбасы ұстанған «алдымен экономика, сонан соң саясат» қағидаты арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарып, еліміздің экономикасы дамыды. Еліміз Тәуелсіздік жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, сол жетістіктерге жету жолында Ұлттық ұлан әскери қызметшілерініңде қосқан үлесі зор. Бүгінгі маңызды мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын, – деді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев ұландықтарды біздің бірлігімізді, берекелі қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныштықты білдіретін айтулы күнмен құттықтады.
– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – еліміз үшін айтулы күн. Бұл еліміздің 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен өткен күндерге көз жүгіртіп бағалайтын уақыт. Осы уақыт ішінде елімізде көп нәрсе жасалды, көп нәрсе өзгерді. Өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар, ол – халқымыздың бірлігі мен ынтымағы. Осындай ауызбіршіліктің арқасында еліміздің экономикасы ілгері дамып, болашаққа нық қадам басып келеді, - деді ол.
Одан кейін "Батыс" өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бақытжан Бердиев құттықтау сөз сөйледі.
Кеш барысында Тәуелсіз еліміздің басты құжатын жасау және қабылдау тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Салтанатты шара соңы Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының ұйымдастырған мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кету керек, Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Ішкі істер министрінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы мен "Батыс" өңірлік қолбасшысының бұйрықтарына сәйкес "Батыс" өңірлік әскери бөлімдерінің 100-ден астам әскери қызметшілеріне салтанатты түрде төсбелгілер, грамоталар мен алғысхаттар табыс етілді.
капитан Ертуған Әубәкір,
Орал қаласы