Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Казталов ауданы орталығында күрделі жөндеуден өткен "Достық" саябағының ашылу салтанаты өтті.
Соңғы жылдары Казталов ауданында әлеуметтік нысандар қатары артып, жоспарланған жобалар сәтті жүзеге асуда. Күрделі жөндеу жұмыстар аяқталып, "Достық" саябағы аз ғана уақыт ішінде жаңаша күйге енді. Сәні мен сәулеті келіскен нысан енді ауыл тұрғындарының және аудан қонақтарының серуендейтін сүйікті орнына айналары сөзсіз.
Аудан шырайын келтірген сапалы жұмыстар Тәуелсіздік тойында казталовтықтардың қуанышын еселей түсті. Саябақ ішіне өрнектастар төселіп, орындықтар мен жарықшамдар қойылды. Сондай-ақ жарықтандыру, суару жүйесі толығымен жабдықталып, заманауи жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы, бұған қоса балаларға арналған ойын алаңдары да салынды. Саябақ ортасында концерттік бағдарламаларды тамашалау үшін арнайы сахна жасақталып, ұзындығы 16 метр болатын тутұғыр орнатылды. Сонымен қатар С.Садықов көшесінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, басты көшенің келбеті ажарлана түсті.
Саябақтың ортасында мемлекеттік туды көтеру пауэрлифтингтен ересектер арасында ҚР төрт дүркін чемпионы Айдын Елемесов пен бірнеше дүркін облыстық, республикалық марафоншылар жарыстарының жеңімпазы Баубек Ілиясовке бұйырды.
Салтанатты мерекеде сөз алған аудан әкімі Альберт Есалиев сөз алып, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін баққа айналатынына сөзсіз сенім білдірді.
Мереке қарсаңында мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин және С.Садықов көшесіне абаттандыру жұмысын жүргізген мердігерлерден 15 ауыл бүлдіршіндеріне сыйлық табыс етілді.
Игі іс мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz