Еліміздің басты мейрамы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында аудан көлемінде түрлі нысандар ашылып, халық игіліне қолдануға берілуде. Солардың бірі – Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылындағы ауылдық мәдениет үйі.
Он жылға уақыт рухани орынды аңсаған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Халықтың сұранысын жүзеге асыру мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 210 млн. теңге қаражат бөлінді. 1281 шаршы метрді құрайтын мәдениет нысанының құрылысын мердігер «Риал Техно» ЖШС жыл жарым мерзім ішінде аяқтап шықты.
Заман талабына сай салынған 150 орындық көрермен залы бар мәдениет үйінде мұражай мен үйірме бөлмелері, қызметкерлердің кабинеттерімен қоса, медициналық бөлмелер және 25 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана ауыл тұрғындарына қызмет етпек.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова ауыл тұрғындарын заман талабына сай бой көтерген мәдениет үйінің ашылуымен және еліміздің тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы көптен күткен рухани орыннан болашақта әлемге танымал өнерпаздар шыға берсін деген тілегін білдірді. Келесі сөз кезегін алған ауыл ақсақалы Амангелді Шолақов тамаша рухани орынға, сонымен қатар ауылда, ауданда атқарылып жатқан өзге де игі істерге ауылдастары атынан шынайы алғысын білдірсе, жобаның бас мердігері «Риал Техно» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алексей Рымарь ақбұлақтықтарды мерекемен құттықтады.
Салтанатты түрде мәдениет үйінің ашылу лентасы қиылып, тәттіден шашу шашылған соң жиналған халық мәдениет үйін аралап, көркемөнердардың үйірме жұмыстарын тамашалады. Көңілді бірлеген қуанышты сәт ауыл өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Болашақта жаңа нысан талай ауыл өнерпаз жастарының жұлдызын жағатын орынға айналатынына сенім білдірейік!
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz