Тәуелсіздік күні, яғни 16-17 желтоқсанда Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта 72 сәби дүниеге келген. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай нәрестелерге Мемлекет басшысының атынан «Сүйінші» сыйлық-қораптары тапсырылды. Мереке күні егіз перзенттің әкесі атанған жаңақалалық Қаһарман Зинуллин бүгін жұбайы мен сәбилерін перзентханадан шығарып алды.
- Жаңақала ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепте тарих пәнінен сабақ беремін. Ұстазбын. Бұған дейін отбасымда екі ұл, бір қызым болатын. Енді, міне, егіз перзенттерім дүниеге келді. Жұбайым Кәмшат екеуміз көпбалалы отбасының ата-анасы атандық. Қуанышымда шек жоқ. Келіншегімді облыстық перинаталдық орталыққа 14 желтоқсан күні алып келдім. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында жұбайым да, сәбилерім де дін аман. Негізі ультрадыбыстық зерттеудің арқасында келіншегімнің құрсағындағы сәби егіз екенін білген едік. Қобалжығанымыз, уайымдағанымыз рас. Аман-есен дүниеге келсе екен деп тілеуін тіледік. Қазір ерекше тебіреніп тұрмын. Сәбилерге есім таңдауда да біраз ойландық. Арабша немесе заманауи емес, қазақша есім болғанын қаладық. Содан ойлана келе, өзім сүйіп оқитын «Ер Тарғын» жырынан ұлыма Тарғын, қызыма Торғын деп есімдерін қойдым, - дейді Қаһарман Сағындықұлы.
Егіздердің ата-анасына «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Асқар Қожымов «Сүйінші» беби-бокстарын табыстады.
«Сүйінші» сыйлық-жинағында «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» естелік монетасы, туу туралы куәлік, жас ата-аналарға арналған ақпараттандыру брошюралары мен жаңа туған нәрестеге арналған гигиена құралдары бар. Сондай-ақ «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!» деген құттықтау тілек жазылған eл Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашық хаты салынған.
Айта кетсек, сый қораптар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-мен ҚР Ұлттық банкі, Центр кредит банкінің және «Қазпошта» АҚ-ның ұйымдастыруымен берілген.
Гүлсезім Бияшева
Фото: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz