24.12.2021, 9:00
Оқылды: 58

Үйірмелердің үйретері көп

Орал шаһарының солтүстік-шығысында орналасқан Оқушылар сарайы осыдан бес жыл бұрын есігін айқара ашқан еді. Заманауи үлгіде салынған сарайда балаларға қажетті барлық жағдай жасалған. Оқу  кабинеттері, 200 орындық көрермен залы, 160 орынға арналған асхана, 3 спорт залы балалар игілігіне  қызмет етуде.

6013c56d-e52c-4d92-92d0-519f13ae99f9
Оқушылар сарайы  балалардың шығармашылыққа деген ынтасын дамытуға, денсаулықты нығайтуға, кәсіби тұрғыда  өзін-өзі анықтауға, оқушыларды қоғам өміріне бейімдеуге, олардың жалпы мәдениетін, ақпараттық, әлеуметтік, техникалық білімін арттыру бағытында еселі еңбек етіп келеді. Жақында ғана 5 жылдық мерейтойын атап өткен Оқушылар сарайындағы балғындардың жетістігі жетерлік.
Мұнда 5 бағытта қызмет көрсететін 77 үйірме жұмыс жасайды.  Ұжымда 130 маман еңбек етеді.  Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс  орталығына оқушылардың ынта-ықыласы жоғары. Аталмыш орталық 500-ден астам балаға қызмет көрсетеді. Оқушылар сарайы қазіргі күнде 3960 оқушыны қосымша біліммен қамтып отыр.
– Оқушылар сарайына балалар сабақтан бос уақытта келіп, қалаған үйірмесіне қатысады. Түске дейін оқитын балалар түстен кейін, түстен кейін оқитын оқушылар түске дейін келіп, өздерін дамытуға күш салады. Қашан барсаң да, сарай іші балалардың шуылына толы. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан оқушылар. Есік алды балаларын күтіп отырған ата-анаға толы. Үйірмелердің басым бөлігі тегін жүргізілетіндіктен, ата-аналар өз баласының қабілетін Оқушылар сарайынан шыңдағанын тәуір көреді. Балалар негізінен спорт, театр, өнер, робототехника үйірмелеріне қызығушылықпен қатысады, – дейді мамандар. Сабақтар 1,5 сағатқа созылады. Оқушылар  мамандармен бірге теориялық және практикалық бағытта жұмыстанады.
Оқушылар сарайының эстетикалық бағыт бойынша бөлім меңгерушісі Әйгерім Шотпанованың айтуынша, балалардың спорт түрлеріне деген құлшынысы жоғары. Қазіргі күнде түрлі үйірмелер  өз қабілетін шыңдауға тал­пынған балалармен бірге жұмыс жасауда. Болашақта актер, журналист болғысы келетін балаларға арналған үйірмелерге де оқушылар зор қызығушылықпен қатысады екен.

1
Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясының қолдауымен ашылған тегін IT сыныпқа қала мектептерінен оқушылар көптеп келіп жүр.  Олар инновациялық технологияларды үйреніп, қосымша білім алуда. Аталмыш  үйірме жетекшісі оқушылармен бірлесіп, «IT-біздің таңдауымыз» атты жобаны қолға алған. Жоба аясында роботтық техника, ардуино, 3D модельдеу, бағдарламау бағыттары бойынша қазақ тілінде үйрететін толық бейне-курстар түсірілуде. Қазірдің өзінде YouTu­be бейнепорталында және TikTok, Instagram әлеуметтік желісінде аккаунттар ашылып, IT-технологияны игеруге арналған қызықты бейнебаяндар салынып, мектеп оқушылары арасында кең таралуда. Бұл  мектеп оқушыларының  ғаламтор желісінде тек пайдалы ақпараттарды көріп, өз бетінше білім алуына зор үлесін тигізбек.
Қосымша білім беру педагогі, IT технологиясы үйірме­сінің жетекшісі Нұрбол Қырықбаев Оқушылар сарайында төрт жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Балалардың IT технологиясына  сұранысы, қызығушылығы жоғары. Аптасына үш рет болатын үйірмеге оқушылар қалмай келуге тырысады. Тұрақты сабақ кестесі бойынша жұмыстанамыз. Таңертеңнен кешке дейін осы жерде жүреміз. Негізгі мақсатымыз  – қазіргідей ақпараттық-технология заманында оқушыларды гаджеттерді дұрыс пайдалануға үйрету. Сондықтан YouTube бейне-порталында және TikTok, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымызда пайдалы ақпараттармен бөлісеміз, – дейді бізбен ой бөліскен Нұрбол Қырықбаев.
Эстетикалық бағыт бойынша бөлім меңгерушісі Әйгерім Шотпанова «Жас инспектор» үйірмесіне қала мектептерінің оқушылары жиі қатысатындығын айтады.
Олар жол ережелерін меңгеру мақсатында саяхат жасап, жол ережелері білгірлері сайысына дайындық барысын пысықтап, тест тапсырмаларын орындайды. Сондай-ақ PIZA халықаралық зерттеу тапсырмаларын орындату арқылы оқушылардың жаратылыстануғылыми сауаттылығын арттыру бағытында физикадан «Креативті ойлауды дамыту» тақырыбында мектеп оқушыларына дамыту сабақтары жиі ұйымдастырылады.
Жақында Оқушылар сарайы мен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті арасында ынтымақтастық жөнінде  меморандумға қол қойылып, «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» орталығы ашылған.
Департамент мамандары орталықтың жұмыс бағыттары туралы түсіндіріп, алғашқы шеберлік сыныбын көрсетті. Төтеншеліктер оқушыларға келеңсіз оқиға кезінде есінен танған адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт жағдайында арнайы құралдарды пайдалану бойынша және суға кеткен адамды құтқару кезінде қандай әрекет жасау қажеттігі жөнінде пайдалы ақпараттармен бөлісіп тұрады.
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығының жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиев бұл жерде бес жылдан бері жұмыс жасайды.
– Бокс үйірмесіне жаңадан қатысатын балалар аптасына екі рет келеді. Жоғары тәжірибесі бар балалар жаттығуға аптасына алты күн келуі қажет. Қала бойынша спорт үйірмелеріне қатысатын 500-дей оқу­шы бар. Әр топ жаттықтырушылармен бірге жұмыстанады. Әр сенбі сайын аудан-ауылдардан балаларды шақырып, жолдастық кездесу өткіземін. Балалармен жұмыс жасаған қызық. Өзім балалармен күн сайын амандасып жүремін. Бірде  бір баладан «Неге амандаспайсың» деп сұрасам, «Ағай, кеше амандастым ғой» дейді. Әр баланың қуанғаны да, мұңайғаны да жүзінде тұрады ғой. Шамасы көңіл күйі болмаса керек. Олардың жүзіне қарап-ақ көңіл күйін бірден аңғаруға болады. Спорт балалардан тәртіпті, еңбекті талап етеді. Сондықтан балалардың жастайынан спортқа құлшыныс танытуы бізді қуантады, – дейді Саттар Сұлтанғалиев.

2
Оқушылар сарайында бала қабілетін дамытатын үйірмелердің ішінде Мақашева театрына да сұраныс жоғары. Аталмыш театрдың драма үйірмесіне актерлік қабілеті, өнерге деген құлшынысы бар дарынды балалар мен жасөспірімдер кастинг арқылы қабылданған. Жақында ғана Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Оқушылар сарайының бес жылдығына арналған  «Мерейлі мереке» атты концерттік кеште Мақашева театры  Г. Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды.
Түйгеніміз, бойындағы қабілетін  дамытып, алдына мақсат қойып, сол бағытта ізденемін деген балаға таңдау көп. Өзіңе ұнаған бағытты алып, сол жолда дамуға жол ашық екен. Тек ынта-ықы­лас пен ерік-жігер болса болғаны.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале