24.12.2021, 10:15
Оқылды: 156

«Е-асхана» – тиімді төлем

 

11

Қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі жолдаған деректерге сүйенсек, биыл оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 304 259 мың теңге қаражат бөлінді. «Е-асхана» жүйесінің ерекшелігі – қолма-қол ақшасыз есеп айырысу, атап айтқанда, бюджеттік қаржы қаражатының ашықтығын арттыруға, асхана мен буфеттегі тамақтану есебін автоматтандыруға, баланың тамақтануына арналған қаражаттың жұмсалуын ата-ананың бақылап отыруына, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Электронды төлем жүйесі 2019 жылдан бастап енгізілді. Қазіргі уақытта мектеп асханаларына қызмет көрсететін 14 кәсіпкердің 11-і «Е-асхана»  төлемін қолданады. Электронды жүйе енгізілген қалалық №2, №4, №7, №13, №19, №20, №34, №36, №23, №43 және Круглоозерный мектебінің асханасында терминалдар бар.

12

А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия директоры Елжас Қадыровтың айтуынша, білім ошағында екі терминал орналасқан. Оның біреуі мектеп дәлізіне орнатылған. Терминалға салынатын электронды кәртішкені 1-4 сыныптарда білім алатын 800-дей оқушы түгелімен қолданады. Мектептегі аз қамтылған отбасы санатындағы 15 оқушы кәртішкені қолдану арқылы тегін тамақтанады. Терминал бойынша бюджет қаржысының есеп-қисабы автоматты түрде жүргізіледі. Одан бөлек, асханадан тамақ ішетін баланың кәртішкесіне әр ата-ана банк арқылы қаражат аударады. Кәртішкедегі қаражаттың жұмсалуына белгілі бір шектеу (лимит) енгізіп, оның есебін онлайн қадағалап отырады. Балалары күніне тамақ ішуге белгіленген соманы басы артық төлей алмайды. Оқушылар монитор арқылы тамақ мәзірін таңдайды. Оның қолына жедел түрде түбіртек беріледі. Түбіртек бір тәулікке ғана жарамды. Асхана қызметкері түбіртектегі тапсырысқа байланысты ас-ауқат дайындап береді. Ата-ана ұялы телефондағы мобильді қосымшамен қаражаттың жұмсалуын, қандай тамақ берілгенін жіті қадағалай алады.

– Мектепте 1716 оқушы бар. Ата-аналарға «Е-асхана» жүйесінің артықшылығын түсіндірудеміз. Терминалдың пайдалы екенін көріп, көпшілігі электронды кәртішкені қолдануға бет бұруда. Әсіресе 8-сынып оқушылары терминал арқылы есептесуді қолайлы көруде. Асхананы жалға алған кәсіпкер құрылғыны өз қаржысына орнатты. Түйіндей айтсақ, электронды асхана мектеп әкімшілігіне де, ата-анаға да, жалға алушыға да тиімді, – деді Елжас Қадыров. Мектептегі аспаздар бригадасының жетекшісі Лаура Шелеуова «Е-асхана» жүйесі бойынша оңтайландыру екі жыл бұрын басталғанын айтты. Терминалдың артықшылығы – бала санын дәл анықтап береді. Асхана мәзірінде ыстық тамақтың 33 түрі бар. Макарон өнімдері бөлек есептелінеді.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале