Қытай шекарасына кіреберісте, яғни Вьетнамның солтүстік өңірлеріндегі өткізу пунктерінде 6 мыңнан астам жүк көлігі қаңтарылып тұр. Мұндай мәліметті Viet Nam News елдің кеден қызметіне сілтеме жасап таратты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Басылымның жазуынша, бүгінгі күні вьетнам-қытай шекарасындағы өткізу пунктерінде кезекте тұрған жүк көліктерінің саны 6200-ге жуықтады. Шекарадан өткізудегі шектеулер биылғы жылдың соңында Қытайдың коронавирустың алдын алу және бақылау бойынша енгізген іс-шараларымен байланыстырылып отыр.
Nikkei мәліметінше, Қытай тарапы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен, соның ішінде Вьетнаммен трансшекаралық сауда ағынына шектеу енгізген. Шектеулер таяу айларда Қытайда өтуі жоспарланған ірі шаралар – ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл және Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары алдында коронавирустың таралуына тосқауыл қоюға бағытталған.