Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ұжымның 10 жылдық мерейтойына орайластырған іс-шаралар легін әдемі кешпен түйіндеп, биылғы жылды қорытындылады.
Мерейлі жылдың шымылдығын «Атамекен» өнер орталығының концерт залында Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласының «Музыкалық жас көрермен театрының» актері Аян Өтепбергеннің камералық оркестрмен бірге ұйымдастырған шығармашылық кеші жапты.
Музыкалық кеш барысында қазақтың халық әндерінен бастап классикалық жанрдағы, түрлі бағыттағы туындылар, Аян Өтепбергеннің жеке әндері көрерменге тарту етілді. Көпшілік рухани кешті жылы қабылдады.
Камералық оркестр директоры, Қазақстан “Серпер” Жастар одағы сыйлығының лауреаты, “Өнертану” магистрі Абулгазиева Салтанат Мақсотқызы Ақжайық өлкесіне келіп, өнерімен бөліскен Аян Өтепбергенге өңір басшысы Ғали Есқалиевтің атынан алғысхат табыстады.
Сондай-ақ бұл күні оркестр құрылғалы бері 10 жыл бойына бар күш-жігері мен білім-білігін, жігер-қайратын ұжымның дамуы мен өркендеуіне арнап келе жатқан талантты музыкант, камералық оркестрдің бас дирижері Асхат Хасанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан «ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл ерен еңбектің ақталғаны деп білеміз. Әріптесімізді мәртебелі марапатымен тұтас ұжым атынан шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта талай белесті бағындырып, асқақ шыңдардан көрінуіне тілектестік білдіреміз! @otepbergen_ayan @khassanov83 @saltanat_maksot
zhaikpress.kz