27.12.2021, 20:44
Оқылды: 75

Шыңғырлау ауданы әкімі үшемдер отбасын құттықтады

Биылғы жылдың соңғы айының басы Асқаровтардың отбасына үлкен қуаныш әкелген-тұғын. Жас отбасы иелері Алмас пен Айгүл бірден шекесі торсықтай үш ұлдың әке-шешесі атанып шыға келді. 

IMG-20211227-WA0116

Сәбилер еталып кеткенше аздаған уақыт перзентхана жанында күтімге алынып, күні-кеше туған шаңырақтарына оралды.

Осы орайда, Шыңғырлау ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова жас отбасына қуаныштарымен құттықтай барды. Бірден үш бөбектің ата-әжесі атанған үлкендердің де бар назары сәбилерде. Осы шадыман шаттыққа ортақтасқан аудан басшысы бөбектерге сыйлық беріп, өзінің шын жүректен шыққан тілегін жеткізді.

-Шын мәнісінде бұл сөзбен айтып жеткізбейтін қуаныш. Сәбилер аман-сау өсіп, еліміздің атын шығарар азаматтар болсын. Ата-ананың бақыты балаларының амандығы мен жақсылығын көру ғой. Сіздерге тек осы балалардың қызығын көру жазсын,-деген әкім тілегі үй иелерінің ойымен қабысып жатты.

Осы игі тілектер күні отағасы Алмастың жұмыстастары да шекарашылар да жас отбасын құттықтай келген екен. Олар да игі тілектерін жеткізіп, алып келген сый-сияпаттарын табыс етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап кетті.

IMG-20211227-WA0115

Иә, бала-бақыт, бала-өмірдің жалғасы. Ендеше ертең-ақ құлдыр қағып, тәтті қылығымен сан қуантар бөбектердің буыны бекіп, дендері сау, тіл-көзден аман болсын дейміз

                                                                                  Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале