28.12.2021, 10:31
Оқылды: 48

Жұлдызы жанған Железнов

Бәйтерек ауданы орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Железнов ауылы тұрғындары үшін биылғы жыл толағай табыстарға толы болды. Олай дейтін себебіміз, аудан орталығынан ауылға дейін тақтайдай тегіс жол салынып, ауылішілік жолдар жөнделіп, жарықтандырылды.

IMG-20211227-WA0135

Аталған ауылдық ок-ругтің аумағына Новенький, Гремячий, Железнов елді мекендері кіреді. Үш ауылда 1700-ге тарта тұрғын бар.

-Биыл Железнов ауылында 3,2 шақырымды құрайтын бес көшенің жолы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар жолы жаңартылған көшелерге жүзге жуық жарық шамдары орнатылды. Ауыл балаларының көптен күтіп жүрген спорт алаңы да биыл салынды. Осы жылы Новенький ауылында балалар ойын алаңы жаңартылды. Көптен бері шешімін таппай жүрген таза ауыз су мәселесі де аудан әкімінің қолдауымен іске қосылды. Жол мен ауыз су мәселесі өзекті болған кезде тұрғындардың ауылдан қоныс аударуы жиілеп кеткен еді. Жайлы жағдай жасалған соң, халық, керісінше көшіп келіп жатыр, – дейді ауылдық округ әкімі Ербол Сидағалиев.

Ауылдастарының алғысын алған әкім келер жылы Железнов ауылына балалар ойын алаңын, ал Новенькийде спорт алаңын салуды жоспарлап қойыпты. Железновтықтардың ендігі арманы – ауылдан балабақша салу.

Бірлік пен береке жарасым тапқан ауылда жомарт жүректі жандар да аз емес. Бірі ауылдың болашағы үшін қомақты қаржы аударып, игі істің атқарылуына ұйытқы болса, енді бірі жоқ-жетік жандарға қол ұшын беруге әзір. Осы ауылдағы «Киргенеев» шаруа қожалығының жетекшісі Қайыржан Кергенеев есімді азамат ауылішілік жолдарды жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы өз қаражатына жасатқан. Бұл іске 3-4 миллион теңге қаражат жұмсаған. Оның сыртында жылма-жыл «Мектепке жол» акциясына қатысып, сонымен қатар ауыл бөбектеріне жаңа жылдық сыйлықтар таратуды дәстүрге айналдырған.

– Бұл қожалықты 1997 жылы құрдық. Кейін өзім үлкейген соң, барлық шаруаны ұлдарыма тапсырдым. Қазір шүкір, шаруалары жүріп жатыр. Балаларымды әр кез еңбекқор, мейірімді болуға тәрбиеледім. Соның да нәтижесі шығар, бүгін де ауылдастарына көмек қолдарын созуға дайын тұрады, - дейді Қайыржан ағамыздың әкесі Есенгелді Киргенеев (суретте).

Ауылға кіре берістің өзінде айнадай тазалықты, сымдай керілген тегіс жолды, жұлдыздай жарқыраған жарықты байқамау мүмкін емес. Көшеде жолыққан ауылдық ағайынның да жүздері жарқын көрінеді. Аудан әкімдігінде болғанда Железнов ауылының атауы жақын күндері «Атамекен» болып өзгереді деген ақжолтай хабарды да құлағымыз шалды. Олай болса, осы ауыл расымен де тұрғындардың атамекеніне айналуына тілекшіміз.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале