Казталов ауданының орталығындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында БҚО «Атамекен» ҰКП Казталов ауданының іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Дәстүрлі қолөнерді қолдайық» атты көрмесі ұйымдастырылды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеге аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, «Nur Otan» пaртиясы Казталов аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, БҚО «Атамекен» ҰҚП Казталов аудандық филиалының басшысы Аманжол Нығметов, аудандық дербес бөлім басшылары мен іскер әйелдер қатысты.
Көрмеге ауданымыздың 16 ауылдық округіндегі әскер әйелдердің бұйымдары ұсынылды. Көрмеге орай салтанатты шара оздырылды.
Салтанатты шарада «Жарқынай» дизайн студиясының жетекшісі Жарқынай Рахметқызы сөз алып, шеберлік сағатын өткізді. Ол өзінің шеберлік сағатында ауданымыздың қолөнер шеберлерін құрақ және ою-өрнек түрлерімен және оларды қолдану тәсілдерімен таныстырды.
Ал, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова іскер әйелдерді ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, қолөнер шеберлеріне марапаттар табыс етті. «Жарқынай» дизайн студиясының жетекшісі Жарқынай Рахметқызына аудан әкімінің алғыс хаты, Ақгүл Харесова, Гүлшат Кенжеғалиева, Даражай Гилияжова, Айгерім Малахова, Гүлназ Таңатова, Ғалия Малақашова, Жаңыл Айжарықова, Нұржамал Утешова, Гүлдана Даулетова, Орнай Кенжеғалиева, Алия Хайрова, Райхан Изимоваға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитованың алғыс хаты табысталды.
Ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, қолөнерімізді дәріптеген іскер әйел азаматтардың бұл бастамасы көпке үлгі, жас ұрпаққа өнеге болмақ.
Атаулы көрмеден қыз жасауын, кәде сыйлар, әшекей бұйымдар мен ұлттық нақыштағы киім-кешектерді табуға болады. Бұның барлығы маңдай термен, адал еңбекпен жасалған қол бұйымдары.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz