Қадірлі оқырман, Жаңа жылдың алғашқы нөмірінен бастап «Ерекше есім» деген жаңа айдар ашып отырмыз. Үшбу айдар аясында есімінің өзі елді елең еткізетін адамдар жөнінде қысқа-нұсқа ақпарат беріледі. Яғни негізгі мәлімет нақты кейіпкердің есімінің қойылу тарихы.
«Ерекше есімнің» алғашқы кейіпкері Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әуесқой бокстағы аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша (91+) қазақтың ең танымал боксшысы, әскерилер арасындағы Әлем чемпионы (2014), Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Азия чемпионатының үш мәрте күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2020), ал кәсіпқой бокста бірінші ауыр салмақ бойынша Азия-Тынық мұхит аймағының ат үстіндегі, яғни қазіргі чемпионы Қамшыбек Қоңқабаев.
1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында жарық дүниеге көрінген Қамшыбек әкесі Бисенбай мен анасы Ұлболсынның төрт перзентінің үшіншісі. Алдында екі ағасы һәм соңынан ерген қарындасы бар. Қазіргі уақытта әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да атой салып жүрген баһадүріміз өмір есігін ашқанда бойы 53 см, ал салмағы 3 келі болған екен. Өткен жылы орда бұзар отызға толған Қамшыбек жұбайы Айзада екеуі бүгіндері Омархан, Мұстафаәли және Ханкелді есімді үш ұлдың ата-анасы. Тұңғыштары алты жаста, бірі-біріне тете үш ұлдың арасы 2-2,5 жастан. Біздің «Келесі бөпелеріңіз егіз қыз болсын!» әзіл-шыны аралас тілек-батамызға батыр тұлғалы боксшымыз «Әумин, аға! Айтқаныңыз келсін!» деп дән риза болды.
Әлқисса, даңқты боксшымыздың атын атасы Ұлы Отан соғысының ардагері, полиция полковнигі Қоңқабаев Балықбай ақсақалдың өзі қойған екен.
– Анамның маған аяғы ауыр кезінде атам түс көріпті. Түсінде оның қолына бір кісі қамшы ұстатқан көрінеді. Содан атам «Ұлболсын келінім бұл жолы да ұл босанады екен» деп жорыған деседі. Күндердің күнінде мен іңгәлап өмірге келгесін «Егер қажетті жерінде оңтайлы қолдана білсе, қамшы да қарудың бір түрі» деген ұғым-түсінікпен атам маған «Қамшыбек» деп ат қойыпты, – деді бізбен әңгімесінде боксшы бауырымыз.
Атасы азан шақырып, атын қойған Бисенбайдың Қамшыбегі бүгіндері барша қазақтың құрыш білек Қамшыбегіне айналды. Жаңа жыл құтты болсын, бауырым! Әуесқой бокста да, кәсіпқой рингте де халқыңның мерейін үстем қылып, жұлдызың әмісе биіктен жарқырасын!
Файзолланың Бауыржаны,
zhaikpress.kz