Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында елімізге қарсы террористік соғыс ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«...Осы аралықта халықтың автогаз бағасының қымбаттауына наразылығы құрал ретінде қолданылып кетті. Одан кейінгі оқиғалар спираль секілді жалғасты. Бірінші орамда – бірқатар өңірде, дәлірек айтқанда Жаңаөзенде митингтер өтті. Екінші орамда – бандиттер мен мародерлер қосылды. Әрі қарай қарулы террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың қатысуымен қызу кезеңі басталды. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару институттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу және түптің түбінде билікті басып алу», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқанымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездік пен кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Олар тіпті халық арасында қарсы шығу туралы ойды басу үшін қорқыныш ұялатқан», - деді Президент.