Мемлекет пен азаматтар – біртұтас ұғым. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен оқиғалар біздің қоғамдағы бар проблеманы көрсетті. Қалаларымызға, туған-туыстарымызға жасалған шабуылдар біздің мемлекетіміздің басты құндылықтары – бейбітшілік пен тұрақтылықтың қаншалықты әлсіз болғанын көрсетті. Біз мемлекет пен азаматтар – біртұтас ұғым екенін айқын түсінуге тиіспіз. Бұл ұғымдар еш бөлінбейді, әсіресе, елдің қауіпсіздігі туралы сөз болғанда», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Қарулы күштер, құқық қорғау құрылымдары, Ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау органдары бір мақсат – азаматтарымызды, конституциялық құрылысты, егемендікті кез келген сипаттағы және ауқымдағы қауіп-қатермен барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуі тиістігін айтқан еді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент Мәжілісінің отырысы өтті.
Президенттің сөйлеген сөзін 27 республикалық және өңірлік телеарна мен 3 радио тікелей эфирде таратты.