12.01.2022, 8:59
Оқылды: 160

Қонаевтың қабылдауында

Бүгін мемлекет және қоғам  қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – 110 жыл.

1-2

1983 жылдың наурыз айының үшінші онкүндігі. Пекин, сакура гүлдеген жазғытұрым шақ, миллиондаған тұрғыны бар қаладағы қарбалас тірлік қайта жанданғаны байқалады. Көпшілік болып әлеміштене киінген қытайлықтардың жүзі жайдары, көңілі тоқ көрінеді. Бұрынғы Мао Цзэдун кезіндегі сұр тобыр емес-тұғын. Дэн Сяопин жүргізген реформалар қарапайым қытайлықтар тұрмысына оң әсер бере бастаған-ды.

1983 жылдың 22 наурызы. Таң ағарып атты. Пекин қаласының орталық теміржол бекеті. Бәрі қарбалас, асығыс. Пойыз вагондарына қарай жұрт бір-бірін кимелей басып барады. Қытайлықтарға тән дүрбелең. Пекин – Ұлан Батор бағытындағы пойызға әрең жақындап, халықаралық дәрежедегі деп көрсетілген вагонымды таптым. Сол жылдары вагонның іші қызыл ағашпен қымталып, есік тұтқалары алтын жалатылған еді. Күпе-диван,  жайлы орындық және душ кабинасы бар. Асықпай жайғастым. Пойыз жүріп кетті. Тоңазыған қой майының иісіне көндігуге тура келді.

Менің маршрутым бойынша Пекин – Ұлан Батор арқылы Иркутскіге жетіп, одан әрмен Алматыға ұшақпен ұшуым керек. Қолқаны қабатын иістен аулақ болу үшін ашық тұрған терезе алдында, тамбурда уақыт өткізуге тырыстым. Моңғолияның іш пыстыратын табиғат кейпіне ұзақ қарадым. Кең жазық дала шексіз созылып жатты. Көп ұзамай киіз үйлер топтасқан бірнеше ірі ауыл жанынан өттік. Мәскеулік Черемушкаға ұқсас бес қабатты үйлер көріне бастады. Астананың теміржол бекетіне тоқтаған пойыз кесте бойынша 50 минут кідіруі тиіс еді. Ұлан Батор вокзалындағы иіс те ұнамсыз еді. Бекет алдындағы алаңда совет солдаттары мен жергілікті жолаушылар еріне басып жүр. Сәл жүрек айнығасын, вагон алдында тұр едім. Маған екі адам күлімсірей келе амандасып, өздерін таныстырды. Олардың бірі – КСРО елшілігінің кеңесші-елшісі, екіншісі – елшілік кеңесшісі болып шықты. Олар қонақжайлылық салтын көрсетпек болып, мені бір тәулікке аялдауға қолқа салды. Бірақ менің көңіл-қошым бола қоймады. Оған қоса жүрек айнытар иістен мазам болмай тұрған еді. Менің келуімді күпеде атап өтпек болды. Олар мұндай жағдайда қош аламыз деп ойламаса керек. Қарсы алушылар сол жерде «дастарқан жайып», спиртті ішімдік пен қарапайым тіске басар ғана алды. Пойыз қозғалғанша арқа-жарқа әңгімелестік.

Иркутск. Вокзал.

Вагоннан шыққасын вокзалға қарай жүрдім. Жерасты өткелінде кенеттен жарасымды киінген екі адам қарсы алып, менің заттарымды қолына алды да, алаңдамауымды өтініп, қара «Волгаға» отырғызды. Детектив оқиғадағыдай әсер қалдырды. Олар қытайлық жолсеріктер бригадасы алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін осындай тосын қадамға барғандарын айтып түсіндірді. Байкал көліне алып барып, керемет қонақүйге орналастырды, дәмді тамақтар қойылған мол дастарқан жайды. Таңертең компартия обкомының І хатшысымен және Иркутск облысы бойынша МҚК басқармасының басшысымен кездесуге алып барды. Екінші күні түстен кейін әуежайға алып барып, Иркутск – Алматы рейсіне отырғызды.

Маған деген құрмет төркіні айқын еді. Қытаймен шекаралас жергілікті өңір басшылығы оңтүстік көрші ел мен ондағы оқиғалар жөнінде бірінші дереккөзден сенімді мәліметтер білгісі келген еді. Бұл – КСРО мен ҚХР арасындағы қарулы және қатал тайталас болып жатқан кезең еді.

23 наурыз, Алматы қаласы

Іңір қараңғысында әуежайдан таксимен қалаға бет алдым. Абай атындағы опера және балет театрының қарама-қарсысында орналасқан «Алматы» қонақүйіне орналастым. Отанға деген сағыныш лебі, осынау жылы, жанға жәйлі, тамаша қалада өткен студенттік жылдар жадымда жаңғырып, жанымды толқытты. Студенттік кезеңде Калинин көшесінің «Бродвей» деп аталатын бөлігінде серуендедім. Біз, яки, жастар болып жиі барған театр алдында тұрдым. Бір сөзбен айтқанда, өткен күндерге деген сағыныш саумалы кеудені кернеді.

Таң атқаннан кейін сол кездегі Қазақ КСР ҰҚК-ның төрағасы З. Камалиденов мені қабылдады. Оған ҚХР-дағы жағдайды баяндадым. Ол  Д. Қонаевпен кездесуге кеңес беріп, соны ұйымдастыруға мұрындық болды. КОКП ОК Саяси бюро мүшесімен әңгімелесу  жоспарыма енбеген болатын. Барлығы да тез әрі күтпеген жағдайда өтті. Көп кешікпей маған Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысының қабылдауынан телефон шалып, Д.  Қонаевтың күндізгі сағат 11.00-де қабылдайтынын айтып, машина керектігін сұрады. Мен бұл қызметтен бас тарттым. Жаяу жүріп барғанды жөн көрдім. Алдағы әңгіме нобайын ойша пісіп-жетілдіріп, Ақ үйге 10.45-те жеттім. 6-қабатқа көтерілдім. Мені Дүйсетай есімді көмекшісі қарсы алды (кейін маған «100 досың болғанша, бір Дүйсетай болсын» деген қалжың айтқан болатын). Ол Димекең өзін жайсыз сезініп тұрғанын, маған 30 минут қана уақыт бөле алатынын айтты. Мен қарсылық танытпадым, осы уақыт ішінде баяндамамды айтып үлгеруге тиіс едім.

Көмекші маған есік ашты. Үлкен кабинеттегі кілем ортасына шыққан ұзын бойлы, еңселі адам амандасу үшін қолын созды. Мен толқуымды барынша тежеп және именіп қана оның қолын қысып, «ҚХР-дағы КСРО Елшілігінің І хатшысы Карл Есімұлы Сәрсенов» деп өзімді таныстырдым. Ол маған жылы жүзбен қарап, үстел  жанына отырғызды. Маған бұл кез түс секілді, шын мәнінде, өңімде болып жатпаған сықылды көрінді. Осы кезде КСРО СІМ 1-Қиыршығыс бөлімі-нің ұжымында болғанымда, Д. Қонаевтың КОКП ОК Саяси бюросына мүшелікке сайлануымен мені құттықтағаны есіме түсті. Енді, міне, мен оны жүзбе-жүз көргеніме сеніңкіремей тұрдым. Ғажап! 30 минут ішінде Қытайда болып жатқан жағдай туралы қысқаша баяндап шықтым. ҚХР-дың жоғарғы билік сатысындағы күштердің ауысу реті мен ішкі саяси жағдай туралы айттым. Қазақстан бөлігін – Балқаш көлінен бастап және оңтүстік өңірді тұтас қамтыған ҚХР жаңа картасындағы шекараны қалың қара сызықтармен ерекшелей белгілегенін көрсеттім. Қытай аумағының шекарасы Байкал көлінің жоғарғы жағы арқылы өтіп, Қиыр Шығысты тұтас қамтыған еді. Жуырда бұл карталар жоғалып кетті. Мүмкін өз кезегін күту үшін уақыт тұңғиығында жасырулы жатқан шығар.

Димаш Ахметұлы жақын көршіміз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қызығушылық танытып, менің хабарламамды мұқият тыңдады. Бір жыл бұрын мен сол өңірде бір аптадай болып, Үрімжі, Шихэцзы және Турфан қалаларын араладым. ШҰАА-ны синификациялаудың белсенді үдерісі жүріп жатқанын айттым. Хань халқы Қытайдың басқа аймақтарынан көшіп келген және олардың саны бұл уақытта жергілікті халық санынан едәуір аз болды. Сол жылдары Шыңжаңда 6 миллионнан астам ұйғыр, 2 миллионға жуық қазақ, татар, түрік және басқа да ұлт өкілдері тұратын-ды.

ШҰАА – Қытайдағы стратегиялық жағынан маңызды аймақ болып табылады. Бұл өлкеде зымырандық-ғарыштық технологияларды шығаратын ірі қорғаныс кәсіп-орындары, сонымен қатар «Лобнор» ядролық полигоны бар екені бәрімізге мәлім. Ол кезде аймақтарды ҚКП орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Ван Эньмао басқарды. ҚХР бірінші жер серігін ұшырғаннан кейін орталыққа айналаның бәрі, яғни Қазақстан шекарасы да толық бақылауда екенін мақтанышпен жеткізгені есімде. Терең ойға шомған Д. Ахметұлы іштей: «Сондықтан әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейту керек» дегендей көрінді. Ал мен бұл сәтте Қазақстанның оңтүстік шекарасындағы нақты жағдайды баяндау міндетім екенін жеткіздім.

Дэн Сяопиннің бастамасымен ҚХР жаңа басшылығы жүргізген экономикалық реформаларға тоқталып, ол жаңа экономикалық саясат «жоспарлы экономика және нарықты реттеу» формуласы бойынша құрылып жатқанын айттым. Яғни ел экономикасы жоспарлы болып қала береді және нарық жұмыс істейді. Ел тұрғындары жанданып, өздеріне деген сенімі пайда бола бастады. Елді дамытудың мұндай жолы нақты нәтижелер берді және тұтастай алғанда экономикаға оң әсер етті. Қытай шетелден астық сатып алуды тоқтатты, саудадағы экспорттық құрамдас бөлік өсе бастады. Менің бұл хабарламам Димаш Ахметұлына ешқандай әсер етпеді. Ол бірдеңе ойлап отырды.

Мен сөзімді өзіме берілген 30 минутқа сыйғыздым. Жауырыным малмандай су болды. Одан әрі әңгіме оңай әрі еркін өрбіді. Д. Ахметұлы бөлмені аралап, маған Қазақ-стан Ғылым академиясының президенті болған кездегі сөйлеген сөзінің қытай тіліндегі мәтінін көрсете бастады және республиканы одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. «Мені, қарапайым дипломатты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І хатшысы осыншама жылы шырайлы қабылдап, айтқанымды зейін қойып тыңдайды екен-ау» деген ойдан арыла алмай, өзімді біраз жайсыз сезіндім. Біздің екеуара тілдесуіміз оның шыны витринаның астында жинақталған хоббиін көрсетуіне дейін жетті. Ол темекі тартпаса да, әр түрлі баға мен сападағы оттықтарды жинайтын. Оның бұл хоббиінен бұрыннан хабардар болғандықтан, Мао Цзэдунның барельефі бар оттығымен топтамасын толықтырдым.

Арада 1 сағат 35 минут уақыт өтті. Мен Димаш Ахметұлына қабылдау үшін алғыс айтып, уақытының көп бөлігін алғаным үшін кешірім сұрадым. Біз кілемнің орта тұсына келіп, қоштаса бастадық. Сол сәтте ол күтпе-ген жерден қазақша сұрады: «Қандай сұрақ бар?». Менің жауабым: «Жоқ, сізге және Кеңес Одағы Коммунистік партиясына рақмет!» болды. Сол сөздерім үшін күні бүгінге дейін ұяламын, қатты толқыған болуым керек. Кейін Д. Қонаевпен кездескенімді естіген ата-анам: «Әй, бірдеңе, сұрамадың ба?» деп әзілдеп жүрді.

Кең қабылдау бөлмесінде құрметті адамдарды және қабылдауды күтіп тұрған бір генералды байқадым. Көмекші Дүйсетай бастықты көп бөгедің деп маған сөгіс айтқысы келді. Мен: «Бұған мен кінәлі емеспін» деп жауап бердім. Ғимараттан шығып, таза ауамен тыныстап, аппақ ғимаратқа қайта көз салдым. КОКП ОК Саяси Бюросының тірі мүшесімен сөйлескеніме әлі де сенбей, өзімді шымшып көрдім. Асықпай жаяу жүріп, Фурманов көшесімен төмен түсіп, Калинин көшесіне бет бұрдым. Опера және балет театрының алдына аяңдап, студенттік жылдарымды еске алдым. Сосын қонақүйге қарай беттедім.

Қонақүй бөлмесінде мен аздап демалуға бел будым: душ қабылдап, бір стақан қазақ коньягынан таттым; балконға шыққанда алдымнан Алатаудың керемет панорамасы ашылды. Күн ашық және шуақты еді. Сосын Ж. Камалиденовке телефон соғып, кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысымды жаудырып, кешке қарай Иркутск арқылы Бейжіңге ұшатынымды айттым.

Күндізгі сағат үш шамасында телефон шырылдады. Телефон тұтқасын көтердім де: «Кәреке, қош келдіңіз!» деген сөзді естідім. Бұл бір ескі танысым еді, маңызды ештеңе айтылмады. Студент достарыммен хат-хабарым үзілмесе де, Алматыға келгенімді ешкім білмеді. Одан әрі мен танымайтын адамдардан қоңыраулар түсе бастады. Таң қалдырғаны – олардың мені жүз жылдан бері білетіндей сөйлегені. Сол уақытта Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған К. Аухадиев хабарласты. Біз бұған дейін де жақын араластық. Бір мезетте таныстарым мен «достарымның» қатары қалай көбейіп кеткенін түсінбей, аңтарылдым.

Кенет есік қағылды. Қолына қорап ұстаған қазақ жігіті кіріп келді және өзін «Қазторгодежда», әлдебір азық-түлікке байланысты ма, әйтеуір ірі сауда желісінің басшысымын деп таныстырды. Мен өзіммен бір рюмке ішуді ұсындым. Әңгімелесіп отырып қалыппыз. Ол уылдырық, шұжық және басқа да дәм толтырылған қорапты ашты. Және коньяк ұсынып, өзіңізбен ала кетіңіз деді. Мен түсінбей қалдым. Оның үстіне өмірімде бірінші рет көрген адамнан «сыйлық» алу ыңғайсыз еді. Тағы бір рюмке құйып, алғысымды білдіріп, «сыйлықтан» бас тарттым және оны қайтып алуын сұрадым.

Карл  Сәрсенов,

қоғам қайраткері 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале