12.01.2022, 10:11
Оқылды: 33

Аудан әкімі блокбекет жұмысымен танысты

Еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылдық округінің маңынан өтетін Самара-Шымкент трассасының 510 шақырымында №5 блокпост орнатылған болатын. Осы орайда, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова облысаралық шекаралық аймаққа барып, күзетте тұрған қызметкерлердің тыныс-тіршілігімен танысты. Әлия Биғазықызы қыстың суық күнінде күндіз-түні өз қызметтерін абыроймен атқарып жатқан полиция қызметкерлерімен сөйлесіп, бүгінгі ахуалды сұрады. Материалдық-техникалық базасын қадағалады.

IMG-20220111-WA0075

Тосқауыл бекетінде аудандық полиция қызметкерлерімен бірге шекара қызметкерлері де қызмет атқарады. Блокпосттағы қызметкерлер патрульдік автокөлікпен, қару-жарақпен және басқа да қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылған. Бекеттердің алдында тиісті жол белгілері қойылған. Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі С.Астафьев "Ауданымызда пост орнатылғалы бері бүгінге дейін 856 автокөлік тексерілді, оның 260-ы жеңіл, ал қалғаны 596 жүк көліктері. Сонымен қатар шекаралық аймақтан өтуге ниет білдірген жүздеген адамның құжаттары мұқият тексерілді, әзірге құқық бұзушылық фактілері тіркелмеді",- дей келе аудан тұрғындарын коменданттық сағат режимін бұзбауға шақырды.

IMG-20220111-WA0084

Ел басына қиын күн туып, төтенше жағдай кезінде шекаралық аймақта тұрған азаматтарға аудан жастары да қолдау білдіріп, ыстық тағам беруді ұйымдастырды. Бұл шара әлі де жалғасын табатын болады.

 

IMG-20220111-WA0085

 

 

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале