12.01.2022, 15:50
Оқылды: 39

Банктер қызметі қалыпты

Террористік топтардың теріс пиғылы мен жауыздық әрекеттері салдарынан банк жұмысы тоқтатылған болатын. Интернет желісі жұмыс  жасамай, сауда-саттық орталықтарында телефон арқылы төлем жасау мүмкін болмады. Осылайша банкоматтан ақша алу мақсатында  кезекте тұрғандар мен банкоматқа бағыт алғандардың қарасы көбейді. 

halyk-bank

Ұлттық банктің облыстық филиалындағы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған президент тапсырмасын орындау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілмек. Соңғы кездегі келеңсіз оқиғалар мен интернет тұрақсыздығының салдарынан уақытша тоқтатылған банк жүйесі жұмысының қалыпқа келтірілуі – халық пен бизнес үшін бірінші кезектегі қажеттілік.

10 қаңтардан бастап мемле­кеттік бюджет пен қаржы секторында төлемдерді теңгемен жүргізу үшін, соның ішінде азаматтардың шотына айлық еңбекақы мен жәрдемақыны және зейнетақыны аудару үшін «ҚР ҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК төлем жүйесі штаттық режімде жұмысын жүргізуде. Бұл өз кезегінде, ең алдымен еліміздің барлық аумағында халық пен бизнеске ішкі төлемдерді ұлттық валютада еш кідіріссіз іске асыруға мүмкіндік береді.

Қаржы ұйымдарының тиімділігін қолдау мақсатында 10 қаңтардан бастап (KASE) Қазақстан қор биржасында РЕПО операция нарығы мен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын теңгеде құрылымдау қамтамасыз етіледі.

– Елдегі жағдайдың кесірінен облыс тұрғындарының бірқатар мәселемен күресуіне тура келді. Мәселенің көбі негізінен интернет ажыратылғаннан кейін көтерме және бөлшек сауда желілеріндегі қолма-қол ақшаға байланысты өрбіді. Халық ыңғайлы, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесіне әбден үйреніп қалған. Содырлар жазықсыз, қарапайым адамдарды әрекетін ұялы байланыс арқылы үйлестіруден, еркін билік ету мүмкіндігінен айырды. Бүгінгі таңда саяси оқиғалар легі саябырсып, интернет қосылды, банктер қалыпты жұмысына қайта кірісе бастады. Осылайша ауызбіршілігіміздің, оң шешімдердің, тың бастамалардың арқасында бұл нәубетті де жеңіп шығамыз деген үміттемін, – деді қоғам қайраткері, банк жүйесінің ардагері Ғалия Сатыбалдина.

Айта кету керек, Алматы мен басқа да аймақтарда жағдайдың тұрақталуына, сондай-ақ байланыс арналарының реттелуіне қарай Қазақстан қор биржасының валюта алаңында сауда-саттықты қайта жандандыру және халықаралық төлемдер мен аударымдарды өткізу бойынша тиісті шаралар қабылданады. Осыған байланысты екінші деңгейлі банктер мен құзыретті ұйымдардың айырбас пунктерінде қызметкерлер мен клиенттердің қауіпсіздігі үшін және айырбас пунктерінің өз қалпында сақталуы үшін жұмыс уақытша тоқтатылады.

– Әлеуметтік желіге кіре алмай, тума-туысқанының хал-жағдайын қоңырау шалып біле алмай халық құлақ кескендей болып, біраз әуре-сарсаңға түс­ті. Әсіресе банкоматтан ақша алу қиынға соқты. Бір-екі мәрте 20-30 адамнан кейін кезекке тұрып, 1 сағаттан астам уақыт өткеннен кейін барып қана ақшаға қол жеткізудің мүмкіндігі туды. Каспи картасындағы ақшаны Сбербанк банкоматынан алу тиімдірек болды. Онда да 100 мың теңгеден артық берген жоқ. Қазір, құдайға шүкір, елдегі ахуал жақсарып келеді. Бұрынғыша телефонмен төлем жасап, kaspi.kz қосымшасын пайдаланып жүрміз, – деді Орал қаласының тұрғыны Бейбарыс  Ұзақбаев.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале