Елордада респираторлық вирустық аурулардың өсуі ерекше байқалып отыр, әсіресе коронавирус инфекциясы еріксіз алаңдаушылық тудыруда.
Дәрігерлер үшін ересектерге де, балаларға да бірдей әсер ететін жаңа «омикрон» штамының пайда болуы қиындық тудырып отыр. Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, дәрігер-инфекционист Динагүл Баешева инфекцияның қаупі және оның таралуының алдын алу жолдары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Динагүл Баешеваның айтуынша, қазір респираторлық вирусты аурулар деңгейінің көтерілуі кезеңінде тұмаумен қатар коронавирус инфекциясы ерекше алаңдаушылық тудыруда.
«Бұл проблема әлі де өзекті болып саналады, өйткені елімізде аса жұқпалы «омикрон» штамы пайда болды. Оның берілу жылдамдығы «дельта» штамынан бірнеше есе жоғары. Кез келген жастағы адамға, оның ішінде балаларға да оңай тиіп жатқан жоқ. Шетелдік дәрігерлердің мәліметінше, «омикрон» балаларда да ауыр өтіп жатыр, оны біз де өз көзімізбен көріп отырмыз. Коронавирустың қандай штамы болмасын иммунокомпрометирленген адамдарда, қосымша ауруы бар науқастарда, сол сияқты онкологиялық аурулармен, иммун тапшылығы жағдайларымен және өзге де ілеспе аурулармен ауыратын науқастарда ерекше ауыр өтеді», - деп түсіндірді дәрігер.
Оның айтуынша, аурудың экспоненциалды түрде өсіп кетпеуі және күніне мың немесе одан да көп адам ауырмауы маңызды.
Ол үшін азаматтар эпидемияға қарсы іс-шараларды қатаң сақтауы тиіс: әлеуметтік қашықтық, маска режимі, қол жуу, қолды көздің және мұрынның шырышты қабатына тигізбеу, адам көп жиналатын орындарға бармау.
«Өкінішке қарай, біз кішкентай баласы бар ата-аналардың сауда орталықтарында алаңсыз серуендеп жүргенін жиі көреміз. Қазіргідей жағдайда мұндай орындарда демалу орынсыз. Егер балаңыздың денсаулығын ойласаңыз барынша түсіністікпен қарап, оқшауланған орындарда демалғаныңыз жөн. Біз еліміздегі барлық стационарлар бойынша талдау жүргізіп, 2021 және 2020 жылдары коронавирус инфекциясымен ауырғандардың санын салыстырдық. Нәтижесінде 2021 жылы КВИ-мен ауыратындар саны 5 есе, ал ауыр науқастар саны 20 есе өскенін көрдік», - деді инфекционист.
Ол ата-аналарды балаларының респираторлы ауру белгілері бар туыстарымен, жақындарымен, таныстарымен қарым-қатынаста болмау керектігін айрықша атап өтті. Себебі коронавирустың белгілері ұқсас: жұтқыншақтың ауыруы, жөтел және т. б.
Дәрігер вакцинацияны COVID-19-дан қорғанудың оңтайлы және тиімді шарасы деп атады.
«Бүкіл әлемдік қауымдастық вакцинацияның тиімділігіне көз жеткізді. Егер баламызды ауыр асқынулардан сақтағымыз келсе міндетті түрде вакцинациялауымыз керек. 2021 жылы вакцинацияны уақытылы алғандарды құтқару мүмкін болды, ал вакцинаның төлқұжатын сатып алғандардан айырылып қалдық. Балалар бұл ауруды оңай өткерсе де вирустың кейінгі салдары қандай боларын білмейміз. Коронавирусқа қарсы вакцинация бүгінгі таңда ең тиімді алдын алу шараларының бірі болып саналады», - деп қорытындылады Динагүл Баешева.