Қазақстанда әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтар мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25% - ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% - ға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпаратҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтың жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өседі.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтардың жалақысы 25%-ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% - ға өсті.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың жұмыскердің лауазымдық айлықақылары 25% - ға арттырылды. Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ), үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға көтерілді. Сондай-ақ, 2021 жылы әкімшілік және қосалқы персоналдың, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін лауазымдық жалақыдан 30% - дан 40% - ға өзгерту арқылы арттырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталып, ол 591 мың адамды қамтиды. Нәтижесінде, 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.