14.01.2022, 9:30
Оқылды: 197

«Біреудің арманының орындалғаны – менің арманымның орындалғаны»

«Ерекше есім» айдарының бүгінгі  кейіпкері – кәсіпкер, әлеуметтік  жобалардың ауторы, «ASYL ADAM»  қорының негізін қалаушы Көңілбай Шүкенов. Ол 1982 жылы 20 шілдеде сол кездегі Жезқазған облысының Ұлытау ауданына қарасты Аманкелді ауылында өмірге келген. Әкеден ерте айырылған ол анасына, бауырларына үнемі көмектесіп, жастайынан жақсылық жасауға құмар боп өскен.  

InShot_20220113_234654256

2014  жылдан  бастап қайырымдылықпен кәсіби һәм белсенді  түрде айналысады. Қазіргі таңда қасында Қазақстан бойынша толық топ  жасақталған. Көп адамды баспанамен, аутокөлікпен қуантса, біраз жанға кәсіп ашып берген. Қазіргі таңда Ақмола облысының Аршалы ауданында әрқайсысы 35 миллион теңге тұратын  50 коттедж салып, соның жартысын көп балалы отбасыларға тегін таратуды көздеп отыр.

– Атам мен әжем «Пейілі кең, көңілге бай болсын, айналасындағыларға қолғабыс етіп, кім-кімге де қолұшын созуға әзір тұрсын» деген ниетпен есімімді Көңілбай қойған екен. Олар жиі көрген-білгенімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты. Бала кезімде көпті көрген үлкен кісілердің қасында көп жүрдім. Әңгімелерінен, өсиеттерінен біраз ой түйдім. Кейіннен олар ел ішіндегі мәселелерді менімен бірге талқылай бастады. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында әкем дүние салды. Жағдайымыз күрт қиындады. Сол аумалы-төкпелі кезеңде де атам мен әжем ұдайы қолдау білдіріп, дұрыс бағыт-бағдар берді. Торқалы тоқсанға жетіп, олар да келместің кемесіне мініп кетті. Адамның есім-сойымен бірге тағдыры да жазылатын көрінеді. Ата-әжемнің ой-арманын, жан қалауын орындап жүрмін деп ойлаймын, – деді Көңілбай Шүкенов.

«ASYL ADAM» қайырымдылық қорын құрып, «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асырып жүрген азаматтың басты мақсаты – елді құлдық санадан құтқару, ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосу, қарапайым халыққа қуаныш сыйлау. «Бақытты отбасы» – ешкімді дінге, ұлтқа, нәсілге бөлмейтін, барлық адамзат ұрпағына бір ананың баласындай қарайтын бастама. «Amanar drive», «Бақыт мекені» жоба­лары да халыққа жүйелі қызмет көрсетуде. Аталмыш жобалар  миллиардтаған  долларды  құрайды.

– Қайырымдылықпен 2014 жылға дейін де айналыстық. Адамды қашанда ақшадан жоғары қоятын жандардың басын қостық. Жиған-тергенімізді жан-жағымызға сыйлап жүрміз. Орыс болсын, қазақ болсын, ұлтқа бөлмей, бірнеше жанұяға үй салып, тегін сыйға тарттық. Біреудің арманының орындалғаны – менің арманымның орындалғаны. Алла Тағала сондай шебер! Адам қайырымдылықты қаншалықты көбірек жасаса, мүмкіндіктері де соншалықты көбейеді. Асыл адам дегенді еркін ойлайтын парасат биігіндегі жақсы адам деп түсінеміз. Жыл сайын «Жақсы адамдар бірге» деген концерт өткіземіз. Сол жерде есеп береміз. «Адамдарға жақсылық жасаудамыз» деп жаһанға жар салудан аулақпыз. Қайырымдылық жасауды тоқтатпауымыз керек. Келешекте «ASYL ADAM» деген аутокөлік те шығарғымыз келеді. «ASYL ADAM» деген киіммен, құрылғымен жүрген адам сол атқа лайық болуы ләзім. Осы идеологияны әлемдік деңгейде таратуға бел шешіп, білек сыбана кірістік. «Асыл адам» деген ән де бар. Жыл сайын үй салып, ішін жиһазға толтырып, ел-жұртқа береміз. Бұл бала күнгі армандарымыздың бірі еді. Ақша дегеніміз – құр қағаз. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – уақыт және адамдардың бірбіріне деген мейірімді қарым-қатынасы, – деді Көңілбай Қалдыбекұлы.

Марлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале