– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында ел болашағының айқын бағыт-бағдарын, ауқымды міндеттерді атап көрсетті. Жаңа Үкіметке халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тапсырма берді.
Соңғы кездері Қазақстан бойынша шетелдік нөмірлі көліктерге қатысты митингтер өткені белгілі. Партияластар да бұл мәселеге араласып, өңірде біршама түсіндіру жұмысын жүргізді, көлік жүргізушілерімен кездесулер, келіссөздер өтті. Президент Мәжіліс отырысында утильдік алым жинау мәселесіне қатысты түйіткілге нүкте қойды. Бұл жаңалықты өңір жұрты өте бір ерекше ықыласпен қабылдады. Мемлекет басшысы утилизация алымын жинаумен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс және алымның көлемі де қайта қарастырылуы керек деді. Ал бұл шешім шетелдік нөмірлі қаншама көлік иелеріне қолдау болып, қоғамдағы наразылық көңіл-күйді сейілтеді. Сонымен қатар шаруа қожалықтарына ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу қол жетімді болары сөзсіз. «Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мәселесін қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар», – деп тапсырма берді Президент.
Тағы бір көңілге жағымды жаңалықтардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының құрылуы. Аталмыш қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналыспақ. Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек көрсетіледі. Шынында да, қазір көптеген отбасы үшін емдеу ақысын төлеу өте қиын. Осы қор көмекке зәру жандарға қол ұшын беретініне сенімдімін.
Біз, облыс жұртшылығы, партияластар Президентпен біргеміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Жанар Дүйсенғалиқызы,
«Nur Otan» партиясы
БҚО филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі