17.01.2022, 9:11
Оқылды: 51

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал

Сауалды жолдаудан бұрын мемлекетімізге, еліміздің конституциялық құрылымына қарсы жасалған шабуыл мен бүліктің салдарынан қайтыс болған  бейбіт тұрғындардың, құқық қорғау қызметкерлері мен әскерилердің  отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Тәуелсіз еліміздің тұтастығының кепілі ретінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қиын кезеңде шұғыл әрі батыл қадамдар жасап, маңызды шешімдер қабылдады. Бей-берекетсіздік ауыздықталып, террорлық әрекеттерге тосқауыл қойылды. Қазір барлық өңірлерде ахуал тұрақталды. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуының басымдықтарын айқындайтын міндеттерді белгілеп, қоғамда көптен талқыланып жүрген өзекті мәселелерге баса назар аударды. Әсіресе, әлеуметтік әділеттіліктің халық үшін маңызы зор екеніне ерекше мән берді. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар елімізге өзгерістердің қажет екенін дәлелдеп берді. Осы міндеттерді заңнамалық тұрғыда жүзеге асыруда Парламент Сенатының депутаттары Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, аянбай қызмет ететін болады.

5EE91A4E-2B38-45A3-926C-A6EBBA35A18E

Президент өзінің 11 қаңтардағы сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтардың ойында жүрген көкейкесті мәселелерге тоқтала отырып, Үкіметке оларды шешу үшін нақты тапсырмалар берді. Солардың бірі аймақтардың дамуындағы теңгерімсіз саясат және еліміздің батыс аймақтарында қордаланған біраз проблемаларды да  тілге тиек етті.

Бүгінгі сауалымызға себеп болған. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының 2008-2010 жылдары аралығында тұрғын үйлері авариялық болып танылған адамдардың пәтерлерін жекешелендіру мәселелері. Біз өңірлерге барған сайын халықпен жиі кездесеміз және тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселелер бізге жақсы таныс. Ол мәселелерді үнемі Үкіметтің алдына қойып та келеміз. Өз кезегінде, аталған мәселені біз бұған дейін де көтерген болатынбыз. Бірақ, өкінішке орай,  оң шешімін тапқан жоқ.

Президентіміз Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашанда басты мәселе деген еді. Жалғыз тұрғын үйлері апаттық болып танылған отбасы құрамы 400-ге жуық 146 пәтердің меншік иелеріне коммуналдық тұрғын үй қорындағы көп қабатты тұрғын үйлерден 2011 жылы Орал қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, жалдау шарты негізінде жекешелендіру құқығынсыз жаңа пәтерлер берілген болатын.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғындар коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алғандықтан, олардың меншік құқығындағы авариялық тұрғынжайлары коммуналдық меншікке қабылданды. Осылайша бір мезетте азаматтар жалғыз баспаналарынан айырылып, жалдамалы пәтерлерге ауыстырылды. Тұрғындардың ба-
сым көпшілігі аз қамтылған азаматтар  екендігін атап өткен жөн. Үйлерін жеке меншікке беру бойынша тұрғындар өз тарапынан, облыс, қала әкімдерінің атына хат жолдап, мәселені Парламент депутаттарының алдында да көтерген болатын.

Жергілікті әкімдік тарапынан, көтеріліп отырған мәселелер бойынша қолданыстағы заң талаптары түсіндірілгенмен, мәселе түбегейлі шешілмегендіктен халықтың наразылығы туындауда. Осы ретте, көтеріліп отырған мәселе тек Батыс Қазақстан облысының мәселесі емес, еліміздің барлық өңіріне ортақ мәселе.

Конституцияның 25, 26-баптарында тұрғын үйге қол сұғылмайтындығы, және соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтындығы көрсетілген. Сондай-ақ заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі делінген.

Бүгінгі таңда бәріміздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сауалдарына құлақ асатын тыңдаушы мемлекет концепциясын іске асыру. Тек тұрақты диалогтың арқасында үйлесімді мемлекет құруға болады. Сондықтан тұрғын үй саясаты саласындағы мәселелерді жүзеге асырып, оң шешім қабылдау қажет деп санаймыз.

Біз «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген ащы шындықты жан-тәнімен сезініп жүрген қарапайым отбасылардың ахуалын баяндап отырмыз. Әсіресе, адам баласының тіршілігі үшін  аса қажетті материалдық құндылық саналатын баспананың жоғарыда атап өткен азаматтар үшін тиімді тетіктер арқылы шешу жолдарын ұсынып отырмыз.

Құрметті Әлихан Асханұлы! Жоғарыда баяндалған деректерге сәйкес, тұрғындардың құқығын қорғау мақсатында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға
жалғыз үйі апатты (авариялық) болып танылып, жалдау шарты негізінде тұрып жатқан тұрғындарға белгілі бір мерзімнен кейін пәтерлерін жекешелендіруге немесе қалдық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыруыңызды сұраймыз.

 Құрметпен,
Н.Төреғалиев, Б.Жұмағұлов,
Ғ.Дүйсембаев, Н.Жүсіп, Д.Нөкетаева,
А.Нухұлы, А.Қапбарова, Л.Рысбекова,
А.Амирханян, М.Құлшар, С.Имашева

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале