20.01.2022, 11:10
Оқылды: 23

«ӨКМ операторының» орнына келген «Жасыл даму» утиль алым мөлшерін қалай белгілейді

Бұдан былай кәдеге жарату алымын жинап, үйлестіру «Жасыл даму» акционерлік қоғамының құзырында болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мемлекеттік реттеушінің утиль алым мөлшерін қалай белгілейтіні туралы түсіндірме ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

201221110023270a3732259i

«2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.Соның аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда ҚР Үкіметі «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражаттарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды», - деп жазылған ресми түсіндірмеде.

Қазіргі таңда «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің иелігінде болған активтерді мемлекет меншігіне қайтару үшін «Жасыл даму» АҚ балансына беру, акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу сияқты операциялар іске асырылып жатыр.

«Жасыл даму» АҚ – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы ұйым.

Кәдеге жарату алымының коэффициенттерін төмендету мәселесі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітілетін болады.

Жоғарыда көрсетілген жұмыс тобының қызмет нәтижелері туралы ақпарат министрліктің интернет-ресурсында жарияланады.

Ведомствоның баспасөз қызметіне хабарласқанымызда аталған жұмыс тобының құрамы әлі нақтыланбағанын айтты.

Бұл жұмыс тобы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесе отырып құрылмақ.

Яғни, жұмыс тобы құрылмай тұрып, утиль алымның мөлшері туралы қандай да да бір болжам айтуға әлі ерте.

Ал оған дейін кәдеге жарату алымы бұрынғы мөлшер бойынша төлену керек.

«Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл Даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленеді», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі..

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале