Жаныңа жақын мамандығың бойынша еңбек ету адамға ерекше сезім сыйлайды. Адал еңбек ете білгеннің өзі жаныңды нұрландырып, шаршағаныңды сездірмейді. Қазақта «Еңбек ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді» деген парасат-пайымы келіскен әдемі мақал бар.
Әркім өз қабілет-қарымы жеткен іспен шұғылданғанды ұнатады. Үнемі ізденіспен білімін толықтырып жүруді және тарих қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді зерттеп-зерделеп, олар туралы халыққа айтуды жаны сүйетіндер үшін экскурсия жүргізушісі болу – таптырмайтын таңдау. Бұл жұмыс табандылықты, жаңашылдықты талап етеді. Экскурсия жүргізушісі – қонақтарға елдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін экспозиция бойынша ақпарат беруші маман. Қажет кезінде шетел азаматтарына өз экскурсиясын басқа тілге аударып айта алуы да шарт.
Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі – А. Пушкин музейі осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Тарихқа үңілетін болсақ, 1833 жылы қаламызға әйгілі әдебиет классигі, ақын А. Пушкин сонау 1773-1775 жылдары орын алған Е. Пугачев көтерілісін зерттеу мақсатында келген болатын. Қазақстанда абыз ақынның табан тіреген жалғыз қаласы осы біздің Орал қаласы екенін мақтанышпен келушілерге айту – біз үшін үлкен мәртебе. Әр музей экскурсоводы өзінің жұмысына адал, қызметін жетік меңгерген маман ретінде тарих пен қазіргі заманның келбетін кеңінен таныстыру жолында өз үлесін қосып келеді.
Экскурсия жүргізушісінің өзін-өзі ұстауына, сөйлеу мәнері мен дикциясына, ақпаратты беру техникасы және өзіндік методикасына баса назар аударылады. Тарих, археология, филология ғылымдары бойынша білімі терең болуы тиіс. Әр жұмыстың өз қызығы мен қиындығы болады. Өмірін экскурсиямен, жалпы музеймен байланыстырғысы келген жастар таңертең жұмысқа келгеннен бастап кешке дейін үздіксіз ақпарат беруге, келуші аудиторияға тез бейімделуге, аз уақыт ішінде жаңадан қосылған экспонат туралы ақпаратты меңгеріп алуға бейім болуы керек.
Экскурсия жүргізушісі әдіскер, бөлім меңгерушісі, бөлім басшысы және өзінің білімі мен тәжірибесіне қарай жоғары сатыларға көтеріле алады. Өзге облыс, шетел музейлерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Бірсарындылық жоқ, ізденіс пен жаңалыққа толы өз мамандығымды таңдағаныма қуаныштымын. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі – А.Пушкин музейінің есігі келушілерге әрдайым ашық.
Ақсәуле Укиева,
А. Пушкин музейінің экскурсоводы