Облысымыздың үздік жас шаңғышылары Бәйтерек ауданында бас қосып, қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиынын өткізді. Облыстық шаңғы жарысы федерациясы, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған жиынға Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарының спортшылары қатысып, тәжірибе алмасты.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін мықты шаңғышылар мен спорттағы қадамын енді бастаған жас жеткіншектердің басы қосылған оқу-жаттығу жиынында жарыс тактикасы, жүріс техникасы сияқты дүниелер көрсетілді. Сонымен қатар шаңғыны жарысқа дайындау, спортшыларды психологиялық тұрғыда жетілдіру сияқты маңызды жайттар да жиын барысында сараланды.
Шаңғышылардың дайындығы пысықталған шараға арнайы келген облыстық шаңғы жарысы федерациясының Президенті, аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев бапкерлермен жеке сөйлесіп, спортшылардың дайындығын тексерді.
-Шаңғы жарысы облысымызда қарқынды дамып келеді. Өткен жылғы елішілік жарыстардағы жетістіктеріміз көңіл қуантады. Спортшылардың басын қосып, арнайы жиын ұйымдастырып жатқан бапкерлер құрамына ерекше алғыс айтамын. Қазіргідей жарыстар тоқтап қалған қиын-қыстау шақтарда шаңғышылардың бабын келтірер осындай жиындар өткізудің маңызы зор. Жыл өткен сайын қысқы спорт түрлеріне қызығатын жастардың саны артып жатқаны да тынымсыз еңбектің көрсеткіші. Ауданға келіп, тәжірибесімен бөліскен бапкерлердің жұмысына сәттілік, спортшыларға үлкен жеңістер тілеймін,-деді облыстық шаңғы жарысы федерациясының Президенті, аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.
Одан бөлек Ерікқали Ғұмарұлы өткен жылы қолға алынған "Бала басына сәйкес қаржыландыру" пилоттық жобасына қатысып, жас жеткіншектерді шаңғы спортына баулыған теректілік жаттықтырушы Ерлан Сағыналинге бес жұп шаңғы жиынтығын табыстады.
Бұндай құрметке разы болған жас бапкер, федерация тарапынан көрсетілген көмекке разы екенін айтып, шәкірттерінің атынан үлкен алғысын білдірді.
Жиын соңы бақылау жарысына ұласты. Алдымен 2006-2007 жылғы жасөспірімдер жарыс жолына шықты. Қызықты да тартысты жарыс қорытындысына Сырым Жәмил үшінші, Алдияр Исаев екінші орын иеленсе, Эльдар Маликов жеңімпаз атанды. Ал 2008 және одан да кіші жастағы шаңғышылар жарысында Дамир Жубаниязов алдына жан салмаса, Данат Мусалимов пен Нұрбатыр Жамил екінші және үшінші орынға жайғасты. Оқу-жаттығуға келген қыздар да өзара бақ сынады. 2006-2009 жылдары туған қыздар жарысында Самал Асылбекова үшінші, Жанерке Тудахунова екінші орын иеленсе, Мадина Жақсылықова жеңімпаз атанды.
Спортшыларға да бапкерлерге де берері мол болған жиын соңында үздік спортшылар марапатталды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz